Будапешт, 2023 жылғы 21 шілде – Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Жәнібек Әбдрашов Будапешт техникалық және экономикалық ғылымдар университетінде өткен диплом тапсыру рәсіміне қатысты.
«Стипендиум Хунгарикум» стипендиялық бағдарламасы аясында биыл сәулет (3 студент), құрылыс (4 студент), экономика және әлеуметтік ғылымдар (2 студент), электротехника және информатика (5 студент), машина жасау (1 студент), көлік инженериясы және автомобиль өнеркәсібі (2 студент) факультеттерінде білім алып, жалпы қазақстандық 17 студент бакалавр және магистр дәрежесін алды.
Іс-шара барысында Қазақстан Елшісі түлектермен кездесіп, олардың жинақталған тәжірибесін арттыруда, барлық өзгерістерге төзімділікте, инновациялар мен жаңа технологиялар дәуірінде қарқынды даму мен өркендеуде, сондай-ақ Қазақстанның игілігі үшін жаңа жетістіктерге жетуде зор табыстар тіледі.
Білім саласындағы ынтымақтастық 2013 жылғы 19 қарашадағы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Мажарстанның Адам ресурстары министрлігі арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында жүзеге асырылуда, оның шегінде Мажарстан Үкіметі жыл сайын қазақстандықтар үшін 250 грант бөледі.
Будапешт техникалық және экономикалық ғылымдар университеті Орталық Еуропа мен Мажарстандағы ең көне және ең беделді техникалық университеттердің бірі болып табылады. 1782 жылы құрылғаннан бері жоғары университет құрылымында инженерлік білім беретін алғашқы мекеме болды.