
Будапешт, 2023 жылғы 21 наурыз – Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Жәнібек Әбдрашов Түркі Мемлекеттері Ұйымының Мажарстандағы өкілдігінің Наурыз мейрамын мерекелеуіне арналған іс-шарасына қатысты.
Іс-шара барысында Елші «Кошут» мемлекеттік радиосына сұхбат беріп, қазіргі таңда өзінің саяси дамуының жаңа кезеңіне қадам басқан және түбегейлі демократиялық қайта құрулар жолында тұрған Қазақстан үшін Наурыздың жаңа бастама ретіндегі маңызы туралы айтты.
Сондай-ақ қазақстандық дипломат түркітілдес елдері студенттерінің осы көктем мерекесін дәстүрлі түрде атап өтетін мерекелік концертіне қатысып, барша қатысушыларды Наурыз мерекесімен құттықтады.
Мереке бағдарламасы қонақтарды тәнті етіп, жарқын ән мен би қойылымдардан бөлек Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан студенттері ұлттық киімдерін киіп, ұлттық салт-дәстүрге байланысты викториналар мен ойындарды өткізді.
Күн мен түннің теңелетін күні ежелгі дәуірден көптеген халықтарға ортақ ерекше дүниетанымдық көзқарасты қалыптастыратынын атап өткен жөн. Себебі бұл мерекені әлемнің 30 елінде 300 миллионнан астам адам тойлайды. 2009 жылы Наурыз мейрамы ЮНЕСКО-ның рухани мәдени мұрасының тізіміне енуі жаһандық мәдени үдерістердің қисынды нәтижесі болды.
Наурыз мейрамы Мажарстанның төрінде қайтадан көктемнің қуанышты жаңаруы мен достық символына айналды.