Мажарстан президентінің кеңсесінде Қазақстандағы саяси реформалар талқыланды

Мажарстан президентінің кеңсесінде Қазақстандағы саяси реформалар талқыланды

Будапешт, 2022 ж. 13 желтоқсан – Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Жәнібек Әбдрашов Мажарстан Республикасы Президентінің дипломатиялық кеңесшісі Кристоф Алтуспен кездесті.

Ең алдымен қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны ҚР Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы өкілеттік мерзімінің маңызды басымдықтары туралы хабардар етті. Келіссөздер барысында Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға және әділетті мемлекет, әділетті экономика және әділетті қоғам құру мақсаттарына ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Мажарстан қарым-қатынастарының жағдайы мен болашағын, келесі жылы жоғары деңгейдегі екіжақты сапарлар жоспарларын, шарт-құқықтық базасын кеңейту мүмкіндіктерін, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Қазақстан мен Мажарстанның ЕО шеңберіндегі ынтымақтастығына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, екі ел арасындағы көлік-логистика, энергетика, жасыл экономика, сондай-ақ визалық тәртіпті жеңілдету салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша жақтар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту бағытына бейілді екендіктерін растады, сондай-ақ Қазақстан-Мажарстан қарым-қатынасының барлық ауқымда одан әрі дамитынына сенім білдірді.