Будапешт, 2022 жылғы 13 желтоқсан - Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Жәнібек Әбдірашов 2022 жылғы тамызда Номғон өзенінің аңғарындағы (Моңғолия) археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған көне түркі руна ескерткіштеріне арналған ғылыми көрмеге қатысты.
Халықаралық Түркі Академиясының қолдауымен мажар Жаратылыстану ғылымдары мұражайы мен «Мадьяр-Тұран» қоғамдық қоры ұйымдастырған көрме алғаш рет Мажарстанда ұсынылып, кейін Парижде жалғасады.
Мажар Жаратылыстану ғылымдары мұражайы көрмені мажар мемлекеті құрылғанға дейін (тоғызыншы ғасырға дейін) Карпат бассейні мен Орхон жазбаларынан алынған руна артефактілерді қалпына келтірген экспозицияларымен толықтырды.
Іс-шара барысында Халықаралық Түркі академиясының ғалымы Напил Базылхан және Моңғолия Ғылым академиясының Археология институтының ғалымы Энктур Алтангерел Күлтегін мен Білге қағанның әкесі Елтеріс Құтлұқ қағанға арналған ескерткіш туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Көрменің ашылу салтанатына Мажарстанның СІМ және ғылыми қоғамының, Мажарстандағы ТМҰ өкілдігінің өкілдері, сондай-ақ түркі мемлекеттерінің елшілері қатысты.