Будапешт, 2022 жылғы 23 қараша - Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Жәнібек Әбдрашов жаңадан тағайындалған Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік хатшысының орынбасары Адам Штифтермен кездесті.
Ең алдымен қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны ҚР Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың алдағы өкілеттік мерзімінің маңызды басымдықтары туралы хабардар етті. Келіссөздер барысында Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға және әділетті мемлекет, әділетті экономика және әділетті қоғам құру мақсаттарына ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Мажарстан қарым-қатынастарының жағдайы мен болашағын, келесі жылы жоғары деңгейдегі екіжақты сапарлар жоспарларын, шарт-құқықтық базасын кеңейту мүмкіндіктерін, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, 2022 ж. 8-9 желтоқсанда Будапештте өтетін Қазақстан-Мажарстан сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының алдағы отырысына дайындық барысы талқыланды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша дипломаттар екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту бағытына бейілді екендіктерін растады, сондай-ақ Қазақстан-Мажарстан қарым-қатынасының барлық ауқымда одан әрі дамитынына сенім білдірді.