Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі кеңес жауынгерлерінің сүйектерін қайта жерлеу рәсіміне қатысты

Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі кеңес жауынгерлерінің сүйектерін қайта жерлеу рәсіміне қатысты

Будапешт, 2022 жылғы 21 қарашада Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі Мажарстанды азат ету кезінде қаза тапқан кеңес жауынгерлерінің сүйектерін қайта жерлеу рәсіміне қатысты.

Соңғы екі жылда Мажарстанның әртүрлі қалаларында табылған 14 кеңес жауынгерінің сүйектерін қайта жерлеу рәсімі Будапешттің орталығындағы зиратта өтті.

Ұлы Отан соғысы кезінде Мажарстан аумағында қаза тапқан және 2021-2022 жылдары Будапештте, Дебреценде, Сигетхаломда, Ниредхазда, Варпалотта және Кернде құрылыс жұмыстары кезінде табылған 14 кеңес жауынгерінің сүйектері 1946 жылы құрылған және жеті мың қабірі бар елдегі ең ірі кеңес сарбаздарының әскери мемориалы орналасқан зиратында қайта жерленді.

Қайта жерлеуді Мажарстан Қорғаныс министрлігінің Әскери институты мен музейінің және Мажарстанның Ұлттық мұра институтының қолдауымен Ресей Елшілігі мен Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігінің әскери мемориалдық жұмыс жөніндегі өкілдігі ұйымдастырды.

Қайта жерлеу және гүл шоқтарын қою рәсіміне Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан елшіліктерінің, Ресейдің Сауда өкілдігінің өкілдері және т. б. қатысты.