Будапештте Республика күні атап өтілді

Будапештте Республика күні атап өтілді

Будапешт, 2022 жылғы 26 қазан – Мажарстан астанасы Будапешт қаласында Қазақстан Республикасының күніне орай дипломатиялық қабылдау өтті.

Елшілік ұйымдастырған іс-шараға Үкіметтің, Мемлекеттік Ассамблеяның, министрліктер мен ведомстволардың, дипломатиялық корпустың, сондай-ақ іскерлік, мәдениет, ғылым, білім және сарапшылық топтар өкілдері қатысты.

Қабылдауды ашқан Елші Жәнібек Әбдрашов Республика күнінің тарихи мәніне тоқталып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Әділ Қазақстанда» жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларға жеке тоқталды.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат биыл Қазақстан мен Мажарстан дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толып жатқанын атап өтті.

Мажарстан тарапынан құттықтау сөзін екіжақты ынтымақтастықтың үш мемлекетаралық құрылымының: Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның, Парламенттік достық тобының және Стратегиялық кеңестің тең төрағасы болып табылатын Мажарстанның Қаржы министрі Михай Варга жасады.

Ол Мажарстан Үкіметі атынан барша Қазақстан халқын айтулы оқиға – Республика күнімен құттықтады, сондай-ақ елдеріміз арасындағы уақыт сынынан өткен берік достықты атап өтті.

1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданғанын атап өткен жөн. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамы еді. Биыл Қазақстан көп жылдардан бері алғаш рет ұлттық мереке – Республика күнін тойламақ. Бұл тарих елімізде 13 жылдан бері тойланбаған. Мемлекет басшысының жарлығымен ол мемлекеттік мереке ретінде күнтізбеге қайтадан енгізілді.