Мажарстанның жетекші аграрлық университеті Қазақстанда өкілдігін ашуға мүдделі

Мажарстанның жетекші аграрлық университеті Қазақстанда өкілдігін ашуға мүдделі

Будапешт, 2022 жылғы 28 қыркүйек – Қазақстанның Елшісі Жәнібек Әбдрашов Мажарстаның Ауыл шаруашылығы және жаратылыстану ғылымдары университетінің ректоры (Геделле қ.), профессор Чаба Дьюрицамен кездесті.

Тараптар екі жақты ынтымақтастық шеңберінде агроөнеркәсіптік кешен, сондай-ақ аграрлық білім беру және ғылым салаларындағы өзара іс-қимыл бойынша бірқатар мәселелерді талқылады.

Қазақстандық дипломат 2021-2025 жылдарға арналған Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жобаның іске асырылуына жеке тоқталып, ауыл шаруашылығы ғылымы агроөнеркәсіптік кешеннің қажеттіліктерін елдің азық-түлік қауіпсіздігі доктринасымен ұштастыра келе, инновациялық сипатта болуы және нарық қажеттіліктеріне сәйкес келетін күрделі ғылыми-техникалық өнімді әзірлеуге бағдарлануы тиіс екенін атап өтті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған Қазақстан экономикасының барлық салаларында жаңғыртуды жеделдету туралы алға қойған міндеттеріне сүйене отырып, Жәнібек Әбдрашов мажар ауыл шаруашылығы жоғары оқу орнын Қазақстанда өз өкілдігін ашуға шақырды. Ол Мажарстанның сапалы жоғары білімі біздің елімізде сұранысқа ие болатынын және елдеріміз арасындағы халық шаруашылығы байланыстарын одан әрі нығайтуға қосымша серпін беретінін атап өтті.

Ректордың айтуынша, төрт университет пен он бір ғылыми-зерттеу институттарын біріктіретін Мажарстанның Ауыл шаруашылығы және жаратылыстану ғылымдары университеті Орталық және Шығыс Еуропадағы ауыл шаруашылығына бағытталған көп салалы жоғары оқу орындарының бірі болып табылады.

Чаба Дюрица Қазақстанда филиалдың ашылуы екі елдің ғалымдарына АӨК-нің барлық өзекті проблемалары бойынша бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, жаңа технологиялар трансфертін жүзеге асыруға, қазақстандық мамандарды даярлау мен олардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Мажарстан Үкіметі жыл сайын қазақстандықтар үшін 250 грант бөледі.
«Стипендиеум Хунгарикум» гранттың негізінде  Мажарстанның Ауыл шаруашылығы және жаратылыстану ғылымдары университетінде 29 студент оқиды. 2022 жылы академиялық мобильділік шеңберінде Мажарстанға «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығына ауыл шаруашылығының түрлі салаларында зерттеулер жүргізу үшін 6 зерттеуші-оқытушысы келді.