
Будапешт, 2022 жылғы 11-13 шілдеде Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов бастаған делегация Мажарстанға жұмыс сапарымен келіп кетті.
А.Әбенов Мажарстан сауда-өнеркәсіп палатасының халықаралық басқармасының директоры Чаба Варгамен және «Lac Holding» ЖАҚ бас директорының сауда мәселелері жөніндегі орынбасары Петер Надьпен кездесу барысында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы өзара тиімді ынтымақтастық мәселелерін талқылап, облыстың агроөнеркәсіптік кешенінің өндірістік-экономикалық жүйесінің әлеуеті туралы ақпаратты мажар тарапының назарына жеткізді.
Сонымен қатар делегация басшысы Секешфехервар қаласындағы «Икарус» электронды автобустар шығаратын зауытына барып қайтты. Зауыт директоры Золтан Шипош қазақстандық делегацияны автобус өндірісінің технологиясымен және оның толық құрастыру циклімен таныстырды.
Сондай-ақ әкімнің орынбасары «Albitech» компаниясының директоры Аттила Бенчикпен келіссөздер жүргізді. Аталған компания 15 жылдан астам уақыт бойы Мажарстанда жоғары тиімді кешенді биологиялық тыңайтқыштар шығаруға маманданған.
Мажар кәсіпорындар ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік әлеуеті жоғары Қостанай облысымен қарым-қатынасты дамытуға зор қызығушылық танытты.