Мажар бизнес Қазақстандағы конституциялық реформаларды қолдайды

Мажар бизнес Қазақстандағы конституциялық реформаларды қолдайды

Будапешт, 2022 жылғы 26 мамыр – Қазақстан мен Мажарстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуына арналған іс-шаралар кешені аясында Қазақстанның Елшісі Жәнібек Әбдрашов Шығыс Еуропа іскерлік клубының өкілдерімен кездесті.

Елші өз сөзінде Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қарым-қатынастарды дамытудың негізгі кезеңдері туралы айтты. Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа баса назар аударылды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 138,7 миллион долларды құрап, 2020 жылғы көрсеткіштен 19 пайызға артық. Мажарстанға қазақстандық өнімдердің экспорты 15,4 млн долларды (өсім 40%), Мажарстанның Қазақстанға импорты 123,3 млн долларға (16,3%) өсті. 2005 жылдан бері Мажарстанның Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестициясының көлемі 270 миллион долларды құрады.

Қазақстандық дипломат мажарлық аудиторияны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі бастамасы бойынша жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар және Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі алдағы жалпыхалықтық референдум туралы егжей-тегжейлі хабардар етіп, реформаның мәнін түсіндірді.

Жоспарланған конституциялық өзгерістер кәсіпкерлер арасында үлкен қызығушылық пен пікірталас тудырды. Іс-шараға қатысушылар Қазақстандағы демократиялық реформалардың жаңа бағытын қолдайтындарын айтып, президенттік бағдарламаның өзектілігін атап өтіп, Қазақстан халқына референдум өткізуде және жоспарларды жүзеге асыруда табыс тіледі.