Будапешт, 2022 жылғы 4 сәуір – Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігінде өткен кездесуде Қазақстанның Елшісі Жәнібек Әбдрашов Мемлекеттік хатшының орынбасары Андраш Бараниге екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарының орнағанына 30 жыл толуына орай, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің Мажарстан басшылығының атына жолдаған құттықтау хаттарын табыс етті.
Хабарламаларда Мажарстанның еліміздің тәуелсіздігін алғаш мойындаған достас мемлекеттердің бірі болғаны атап өтіледі. «Осы жылдар ішінде дәстүрлі достық пен өзара қолдауға негізделген Қазақстан-Мажарстан көпқырлы ынтымақтастығы қарқынды дамып келеді», - деп құттықтауда мәлімделген.
Кездесуде тараптар 30 жыл ішінде қол жеткізілген ынтымақтастықтың жоғары деңгейін қанағаттанушылықпен атап өтіп, Қазақстан мен Мажарстан арасындағы стратегиялық әріптeстік екі ел халықтарының игілігі үшін одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.