Қазақстан-Мажарстан дипломатиялық қарым-қатынастарына 30 жыл

Қазақстан-Мажарстан дипломатиялық қарым-қатынастарына 30 жыл

Құрметті достар!

Бүгін 2022 жылғы 2 сәуірде Қазақстан Республикасы мен Мажарстан арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнағанына 30 жыл толады.   

1992 жылы Мажарстан Қазақстанның тәуелсіздігін таныған алғашқы он мемлекеттің бірі болды. 1993 жылы екі елдің астаналарында екі мемлекеттің дипломатиялық өкілдіктері ашылды, ал Будапешттегі Қазақстанның Елшілігі Орталық және Шығыс Еуропадағы алғашқы шетелдік мекемесі болды.  

Осы қысқа тарихи кезеңде екі мемлекет көп қырлы ынтымақтастықты нығайту және кеңейту, өзара іс-қимылдың тиімді институттарын құру бағытында көптеген істерді жүзеге асырды.

Екіжақты шарттық-құқықтық базаның берік іргетасы қалыптастырылды, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы, Ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге, есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына қарсы күрес саласындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы, Парламентаралық достық топтары, Стратегиялық және Іскерлік кеңестері құрылды, сондай-ақ екі елдің астаналары арасында тікелей тоқтаусыз әуе қатынасы ашылды.

Бүгінгі таңда екі ел арасында саяси немесе өзге де сипаттағы келіспеушіліктер жоқ, тұрақты саяси диалог орнатылды, халықаралық саясаттың көптеген мәселелері бойынша ұстанымдары сәйкес келеді, бұл екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін қолайлы жағдай туғызуда.

Қазақстан мен Мажарстан сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды арттыруға және тереңдетуге ұмтылуда. Күш-жігер өзара сауданың тауарлық құрылымын кеңейтуге және жоғары өңделген өнім үлесін арттыруға бағытталған. Ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік-логистика, ақпараттық технологиялар, туризм және денсаулық сақтау салаларындағы ынтымақтастыққа басымдық берілуде.

Мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту перспективалары жыл сайын кеңейе түсуде. XIII ғасырда Мажарстанға қазақ даласынан қоныс аударған қыпшақ тайпаларының ұрпақтарының болуы қазақ және мажар халықтарының бай мәдени мұрасының тарихи іргетасы және қуатты байланыстырушы буыны болып табылады.  Қазіргі таңда екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынасты дамытуда «Мажарстан қыпшақтары одағының» рөлі баға жетпес.

Екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың маңызды элементі білім беру саласы болып табылады. Екі елдің жоғары оқу орындарында білім алатын студенттер саны артып келеді. Бүгінгі таңда Мажарстанның жоғары оқу орындарында 1 мыңнан астам қазақстандық студент білім алуда. Мажар студенттері қазақ тілін оқиды, ал мажар профессорлары Қазақстанның жоғары оқу орындарында сабақ беруде.

Қазақстан мен Мажарстан екі ел халықтарының игілігі үшін стратегиялық әріптестігі бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақтылық мүдделеріне сай одан әрі нығая түсетініне сенім білдіреді.