Будапешт, 2022 жылғы 28 наурыз – Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі «Еуразиялық бірлік» және «Барыс» қорларымен бірлесіп, Наурыз мейрамын Көкпар ат спорт жарысымен атап өтті.
Іс-шараға дипломатиялық корпустың, Түркі мемлекеттері ұйымының Мажарстандағы өкілдігінің, іскер топтардың, қазақ диаспорасының, Мажарстандағы қазақ студенттерінің альянсының өкілдерін қоса алғанда 300-ден астам адам қатысты. Мереке аясында Мажарстанда дәстүрге айналған Көкпар ат спорт жарысы ұйымдастырылды.
Салтанатты іс-шараны Қазақстан Республикасының Елшісі Жәнібек Әбдрашов, Мажарстанның Еуразиялық бірлік қорының президенті, Халықаралық «Көкпар» федерациясының вице-президенті Иштван Бенце, Қазақстан-Мажарстан Барыс қорының президенті Андраш Гал ашты.
Қазақстандық дипломат өз сөзінде халықты күн мен түннің теңесу күнімен құттықтап, бұл мереке ұрпақтар арасындағы ажырамас байланыс пен қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетінің терең сабақтастығының символына айналғанын, Қазақстан Республикасы мен Мажарстан арасындағы достық пен бейбітшілікті арттыра отырып, мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды нығайтатындығын атап өтті. «Наурыз мейрамы шын мәнінде жалпыхалықтық мерекеге айналды, жаңа Қазақстанның дамуы мен гүлденуіне әркім өз үлесін қосатын елдің жарқын үлгісіне айналды», - деді Ж.Әбдрашов.
«Еуразиялық бірлік» қорының президенті И.Бенце Мажарстанда Көкпардың күн сайын кеңейіп келе жатқанын, сол арқылы елде өзінің тарихи көшпелі мәдениетіне деген сүйіспеншілікті жаңғыртып отырғанын атап өтті.
Андраш Гал өз сөзінде Наурыз мейрамы қазақстандықтардың рухани бірлігінің символы болып табылатынын және Қазақстан мен Мажарстан арасындағы достық пен келісімді нығайтуда үлкен рөл атқаратынын атап өтті.
Осы мерекелік күні мажар даласында қазақтың әсем киіз үйі орнатылып, жиналғандардың барлығы мерекелік тағамдары – наурыз-көже, палау және қуырдақтан дәм татты, сондай-ақ олардың назарына көшпенділер базарында мажар қолөнершілерінің бұйымдары ұсынылды.
Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан Елшісі турнир қатысушыларына марапат табыс етті. Айта кететін жайт, «Дала түлкісі» деп аталатын командалардың бірі Надькуншаг (Үлкен Қыпшақия) аймағында орналасқан Қарцаг қаласының атынан қатысты.
Наурыз мейрамы Ұлы даланың әуенінен тыс қалмады. Шара қонақтары домбыраның үнімен бірге орындалған қазақ ұлттық билер мен әндерін тамашалады. Сондай-ақ шараға қатысушылар үшін дәстүрлі мажар садағынан ату мүмкіндігі ұйымдастырылды.
Шараға Кишкунлацхаза қаласынан келген қыпшақтар да қатысып, мажар ұлттық билерін орындады.
Мереке қазақ диаспорасының өкілдері мен студенттер арасында өшпес әсер мен қуаныш қалдырды, ата-бабаларының тарихы мен мәдениетіне оралуға және өздерін туған жерінің қоғамында сезінуге мүмкіндік берді.
2009 жылы Наурыз халықаралық мереке мәртебесіне ие болып, БҰҰ тарапынан адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы ретінде танылды.