Будапешт, 2022 жылғы 24 наурыз – Мажарстанда Дюла Андраши атындағы университетте Қазақстан Елшілігі Мажарстандағы Қазақстандық студенттерінің альянсымен бірлесіп Қазақ мәдениеті күніне арналған іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шараға Абай орталығының жетекшісі Оңғайша Мандоки, Қазақстан-Мажарстан «Барыс» қорының президенті Андраш Гал, Мажарстан Ғылым академиясының ғылыми қызметкері, түрколог Давид Шомфай, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік студенттер қатысты.
Іс-шара барысында Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Жәнібек Әбдрашов шараға қатысушыларды Наурыз мейрамымен құттықтап, ұлы дала мәдениетіне тоқталды.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Қазақстан халқына жолдауында жарияланған ауқымды саяси реформалар бағдарламалары мен бірқатар әлеуметтік-экономикалық шаралардың негізгі аспектілеріне тоқталды.
Қазақстан Елшісі жастардың мемлекеттік құрылыстағы маңызды рөлін және оның мемлекет дамуының негізгі мәселелері бойынша айқын азаматтық ұстанымын атап өтті. Сондай-ақ Елші шетелдегі қазақстандық жастарын біріктіру мақсатында ағымдағы жылдың наурыз айында құрылған «Мажарстандағы қазақстандық студенттері альянсының» ұмтылысын жоғары бағалады.
Шара соңында қазақ даласының ән-күйі көпшілік назарына ұсынылып, Қазақстан туралы бейнеролик көрсетілді.