15 желтоқсанда Мажарстан астанасы Будапешт қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты қабылдау рәсімі өтті.
Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшілігі ұйымдастырған іс-шараға Үкіметтің, Мемлекеттік Ассамблеяның, дипломатиялық корпустың, іскерлік, мәдениет, ғылым, білім және сарапшылық топтардың өкілдері қатысты.
Қабылдауды ашқан Елші Жәнібек Әбдрашов Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуының негізгі кезеңдері мен еліміздің 30 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесін, оның ішінде еліміздің мемлекеттік шекарасын түпкілікті ресімдеуіне, сондай-ақ жаңа экономикалық жүйе мен мемлекеттік институттарды қалыптастыруына және нығайтуына қол жеткізгенін атап өтті. Сонымен қатар, Елші жаңадан сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған саяси реформаларды жүзеге асыру барысы туралы айтты.
Екіжақты өзара іс-қимылдың үш мемлекетаралық құрылымының: Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның, Парламенттік достық тобының және Стратегиялық кеңестің тең төрағасы болып табылатын Мажарстан Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі Михай Варга мажар тарапынан құттықтау сөз сөйледі. М.Варга Мажарстан Үкіметі атынан барша қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің мерейтойымен құттықтап, осы жылдар ішінде Мажарстан мен Қазақстан арасында достық және бауырластық қарым-қатынастар дамып келе жатқанын атап өтті.
Еске сала кетейік, 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Бұл құжат Қазақстанның тәуелсіз демократиялық мемлекеттілігін жариялады.