Мажарстанда «Бейбітшілік пен түсіністік жолындағы дінаралық диалог» атты дөңгелек үстел өтті

Мажарстанда «Бейбітшілік пен түсіністік жолындағы дінаралық диалог» атты дөңгелек үстел өтті

2021 жылғы 6 желтоқсанда Будапеште Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының қолдауымен ҚР Мажарстандағы Елшілігінің ұйымдастыруымен бейнеконференция форматында «Бейбітшілік пен түсіністік жолындағы дінаралық диалог» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараның ашылуында ҚР Мажарстандағы Елшісі Ж.Әбдрашов пен Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б.Сәрсенбаев сөз сөйледі.

Дөңгелек үстел барысында мажар тарапынан Қуғын-сүргінге ұшыраған христиандарға көмек көрсету және Мажарстанның көмек көрсету бағдарламалары жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Т.Азбей, Мажарстан шіркеулерінің Экуменикалық кеңесінің Бас хатшысы В.Фишл, Мажарстан мұсылмандары қауымдастығының Төрағасы З.Шулок және Мажарстан Сыртқы істер және сауда институтының Бас консультанты Л.Ваша қатысып, баяндамаларын жасады.

Қазақстандық тараптан ҚМДБ Төрағасының орынбасары Е.Оңғаров, Қазақстан католиктік епископтары конференциясының баспасөз хатшысы П.Пытловани және бейне хабарлама форматында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы, Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары, Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының Қазақстандағы мүшесі И.Рогов өз баяндамаларын жасады.

Талқылау барысында дөңгелек үстелге қатысушылар діндер, мәдениеттер, өркениеттердің және этносаралық өзара іс-қимылының өзекті мәселелерін атап өтіп, бейбітшілік пен өзара түсіністік жолында дінаралық диалогты одан әрі ілгерілету қажеттігі туралы ортақ пікірге келді.

Айта кетеін жайт, аталған дөңгелек үстел Қазақстан басшылығының Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттарын ілгерілету жөніндегі бастамаларын қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Съездің алдағы VII отырысы 2022 жылғы 14-15 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі конфессиялар көшбасшыларының рөлі» тақырыбында өтеді.