GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Елшілік туралы
Байланыс ақпарат
Екіжақты ынтымақтастық
Консулдық мәселелер
Все материалы
06 октября 2026
Қазақстанның Румыниядағы Елшісі Қазақстан–Румыния парламентаралық достық тобының жетекшісімен кездесті

2026 жылғы 5 қазан, Бухарест – Қазақстан Республикасының Румыниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Амангелді Саинов Румыния Парламентінің сенаторы, Қазақстан–Румыния парламентаралық достық тобының жетекшісі Кристиан-Аугустин Никулеску-Цыгырлашпен кездесті.

Тараптар Қазақстан-Румыния қатынастарының қазіргі жай-күйі мен перспективалары жөнінде пікір алмасты. Екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы парламентаралық диалогты одан әрі дамыту және тұрақты байланыстарды жолға қоюдың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында көлік-логистикалық өзара іс-қимылды дамытуға, оның ішінде Қазақстан мен Румынияның Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясындағы рөлін кеңейтуге, сондай-ақ сауда-экономикалық және іскерлік байланыстар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға ерекше назар аударылды.

Әңгімелесушілер екіжақты ынтымақтастықты жандандыру үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтіп, парламентаралық достық тобы, бейінді комитеттер және мемлекеттік органдар желісі бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты. Практикалық тұрғыда тараптар саяси, экономикалық және көлік салаларындағы нақты бірлескен бастамаларды ілгерілетуге бағытталған алдағы кездесулер мен байланыстарды ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

21 сентября 2026
Қазақстан мен Румыния сауда-инвестициялық ынтымақтастыққа жаңасерпін беруде
2026 жылғы 21 қыркүйек, Бухарест қаласы — Қазақстан Республикасының Румыниядағы Елшісі А.Саинов Румынияның Инвестициялар және сыртқы сауда агенттігінің (ARICE) төрағасы Д.Константинмен кездесу өткізді.
 
Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Румыния сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын, сондай-ақ екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайту мәселелерін талқылады.
 
Өзара сауда динамикасына, тауар айналымының құрылымына және оны одан әрі ұлғайту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Тараптар өзара жеткізілімдердің номенклатурасын кеңейту және жаңа бірлескен жобаларды іске асыру үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті.
 
Инвестициялық ынтымақтастықты дамыту аясында румын тарапына Румынияның Инвестициялар және сыртқы сауда агенттігі мен қазақстандық тиісті мемлекеттік орган арасында өзара түсіністік туралы меморандум жасасу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Аталған құжат инвестициялар тарту, ақпарат алмасу және іскерлік байланыстарды дамыту салаларындағы жүйелі өзара іс-қимыл үшін қосымша жағдайлар жасауға бағытталады.
 
Екіжақты экономикалық ынтымақтастықты нақты мазмұнмен толықтыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Румыния тарапы Қазақстандық серіктестермен ынтымақтастық орнатуға және Қазақстан нарығына шығуға мүдделі нақты румын компанияларының тізімін ұсынуға дайын екенін білдірді.
 
Тараптар сондай-ақ Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның (ҮАК) кезекті отырысын өткізу перспективаларын талқылады.
 
Румыния тарапынан ҮАК-тың тең төрағасы бекітілгеннен кейін, ағымдағы жылы ҮАК отырысын Астана қаласында өткізу бойынша бірлескен күш-жігер жұмсау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
 
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Румыния арасындағы сындарлы диалогты одан әрі дамытуға және сауда-экономикалық әрі инвестициялық салалардағы практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі екенін растады.
 
ARICE — Румыния Үкіметіне бағынысты және Премьер-министрдің үйлестіруімен жұмыс істейтін орталық мемлекеттік басқару органы. Агенттік шетелдік инвестицияларды тарту, румын экспортына жәрдемдесу және румын инвестицияларын шетелде сүйемелдеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға жауапты.
 
Агенттік екіжақты Үкіметаралық комиссияның хатшылығы болып табылады. Д.Константин ARICE төрағасы қызметіне 2026 жылы тағайындалды. Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі және Қоршаған ортаны қорғау министрі қызметтерін атқарған.
07 сентября 2026
Плоешть қаласында KMG International компаниясының қолдауыменбастауыш мектеп ашылды
2026 жылғы 7 қыркүйек, Плоешть қ. — Плоешть қаласында KMG International (Ромпетрол) компаниясының қолдауымен Плоешть муниципалитетімен ынтымақтастықта жаңа бастауыш мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
 
Қазақстанның «ҚазМұнайГаз» Ұлттық мұнай-газ компаниясы құрамына кіретін KMG International компаниясы көптеген жылдар бойы Румынияның экономикалық және әлеуметтік өміріне, оның ішінде «Ромпетрол» басқаратын «Вега» мұнай өңдеу зауыты орналасқан Плоешть қаласының дамуына елеулі үлес қосып келеді.
 
Мектептің ашылуы Қазақстан мен Румыния арасындағы гуманитарлық және мәдени байланыстарды нығайту тұрғысынан ерекше маңызға ие. Мектептегі төрт сыныпқа Қазақстанның көрнекті тұлғалары — Абай Құнанбайұлы, Қаныш Сәтбаев, Мағжан Жұмабаев және Мұқағали Мақатаевтың есімдері берілді.
 
Ашылу салтанатына Қазақстан Елшілігінің, Плоешть муниципалитетінің, «Ромпетрол» компаниясының өкілдері, сондай-ақ білім беру саласының мамандары, мұғалімдер, ата-аналар және оқушылар қатысты.
 
Бастауыш мектеп 1-4 сынып аралығында 120 оқушыға арналған И.Караджале атындағы Ұлттық колледждің басқаруымен жұмыс істейтін болады.
 
Сонымен қатар, сапар барысында Румыниядағы қолданыстағы ең көне мұнай өңдеу зауыты болып табылатын «Вега» зауытының қызметімен танысуға мүмкіндік болды. Қазақстан Елшілігінің өкілдері зауыттың қызметімен және онда жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Зауыт Румыниядағы битум мен н-гексанның жалғыз өндірушісі болып табылатын елдің мұнай өңдеу өнеркәсібінде бірегей орынға ие.
 
Аталған іс-шаралар «Ромпетрол» компаниясының Румынияның экономикалық және әлеуметтік дамуына көп жылдар бойы қосып келе жатқан үлесінің жарқын көрінісі болды. Өнеркәсіптік әлеуетті қолдауды маңызды әлеуметтік және білім беру бастамаларын жүзеге асырумен ұштастыра отырып, компания Қазақстан мен Румыния арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытуға өз үлесін қосып келеді.
05 сентября 2026
Қазақстан Республикасының Елшісі Румыния Президентіне сенім грамоталарын тапсырды
2026 жылғы 4 қыркүйек, Бухарест қаласы – Қазақстан Республикасының Румыниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Амангелді Саинов Румыния Президенті Никошур Данға сенім грамоталарын тапсырып, өзінің дипломатиялық міндеттерін ресми түрде атқаруға кірісті.
 
Румыния Президенті Елшіні тағайындалуымен құттықтап, жауапты дипломатиялық миссиясын атқаруда табыс тіледі. Сондай-ақ Қазақстан мен Румыния арасындағы достық және сындарлы қатынастардың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.
 
Өз кезегінде Елші Мемлекет басшысына Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізді. Сонымен қатар, елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауының қорытындылары туралы хабардар етіп, олардың елдің саяси жүйесін одан әрі дамытудағы маңызын атап өтті.
 
Кездесу барысында екіжақты қатынастардың қазіргі ахуалы мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасу болды. Тараптар саяси диалогтың оң динамикасына тоқталып, практикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін айтарлықтай әлеует бар екенін жеткізді.
 
Тараптар өзара сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты арттыру, жаңа жобаларды іске асыру, сондай-ақ көлік логистикалық байланыстарды нығайту мүмкіндіктерін талқылады. Экономикалық әріптестікті дамытуда іскерлік топтар мен өңіраралық байланыстардың маңызды рөліне назар аударылды.
 
Энергетика саласындағы ынтымақтастыққа және Қазақстанның Румыния мен Еуропаның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосып отырған үлесіне айрықша мән берілді. Осыған байланысты қазақстандық мұнайды Еуропа нарықтарына жеткізудің және екі ел арасындағы сенімді энергетикалық әрі көлік бағыттарын одан әрі дамытудың маңыздылығы сөз болды. Сондай-ақ тараптар мәдениет, білім және ғылым салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
 
Кездесу соңында Румыния Президенті Елшіге дипломатиялық
миссиясын табысты атқарып, жемісті жұмыс істеуіне тілектестік білдірді.
03 сентября 2026
Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі болып тағайындалды.
29 августа 2026
1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигоны жабылды

1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. Жылдар өте келе бұл дата халықаралық маңызға ие болды. Қазақстанның бастамасымен 2009 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 64/35 қарарын бірауыздан қабылдап, 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады. Бұл күн бүкіл әлемге ядролық сынақтардың адамзат пен қоршаған ортаға әкелген зардабын еске салып, ядролық қатерден азат әлемге қарай ілгерілеудің маңызын көрсетеді.
 
Биыл Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толып отыр. Осы атаулы датаға орай Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының Атқарушы хатшысы Роберт Флойд бірлескен Мәлімдеме жасады.
 
Ядролық сынақтарды бастан өткерген халық үшін бұл – бір мезет әрі орасан зор тарихи жол. Жарылыстар үні естілген жерден бүгінде бүкіл әлемге олардың қайталануына жол бермеу қажеттігін айтып отырған елге дейінгі жол.
 
Қазақстан өз басынан өткерген қасіретті бүкіл адамзатқа бағытталған үнге айналдыра алды. Семейдің қасіреті өткенді еске алумен ғана шектелмей, болашаққа арналған үндеуге айналды – енді ешбір жер, ешбір ана, ешбір бала ядролық саңырауқұлақтың көлеңкесінде қалмауы үшін жасалған үндеуге.
 
Осы тарихтың ең жарқын тағылымдарының бірі де осында, қасіретті бастан өткергеннен кейін бейбітшілікті таңдауға және жақсы болашаққа деген сенімді сақтауға болады.

@PressMFAKZ

29 августа 2026
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне арналған үндеуі

Құрметті отандастар!

 

Бүгін әлем қауымдастығы Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы бекіткен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтіп жатыр.

Осыдан 35 жыл бұрын халықаралық ахуал күрделі болғанына қарамастан, Семей ядролық полигоны жабылды. Ондаған жыл бойы жасалған жарылыстар азаматтарымыздың денсаулығына және қоршаған ортаға орасан зор зардабын тигізіп, халқымызға орны толмас қасірет әкелді. Бұл ядролық сынақтардың салдары күллі адамзат баласы үшін аса ауыр болғанын ұғындыратын, сондай-ақ әлем жұртшылығын мұндай алапат апатқа жол бермеуге шақыратын айрықша маңызды күн саналады.

Қазақстан дүние жүзінде қуаты жағынан төртінші орындағы ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Еліміз бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму жолын таңдап, тарихи шешім қабылдады. Соның арқасында халқымыздың ұзақ жылдар бойы аңсаған арман-тілегі орындалды. Бұл қадам мемлекетіміздің өскелең ұрпақ алдындағы терең жауапкершілігін паш еткені сөзсіз.

Жаңа Конституция преамбуласында еліміздің бейбітшілікке ұмтылып, барлық мемлекетпен достық қарым-қатынас орнататыны айқын жазылды. Осы ұстаным сыртқы саясатымыздың мызғымас қағидаты болып қала береді. Халықаралық антиядролық қозғалыс көшбасшыларының бірі ретінде еліміздің ұстанымы өзгермейді: біз ядролық державалар арасында кикілжің емес, келіссөздер болуын қолдаймыз, Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың күшіне енуін тездетуге және ядролық қаруды қолдануға қатысты қауіп-қатерлерді жою үшін бірлесіп батыл қадамдар жасауға шақырамыз.

Біз атом энергиясын жасампаз мақсатта ғана пайдаланған жөн деп санаймыз. Халқымыз жалпыұлттық референдумда ядролық энергетиканы дамытудың стратегиялық бағыт-бағдарын бірауыздан қолдап, Қазақстанның ондаған жылдарды қамтитын экономикалық және ғылыми-техникалық өрлеуінің берік негізін қалады.  

Осы стратегиялық таңдау ауқымды өзгерістерге жол ашып, мемлекетіміздің тұрақты өсіп-өркендеуіне айрықша серпін беретіні анық. Қазіргі таңда барлық салада жасалып жатқан түбегейлі реформалардың мақсаты – бір. Біз Әділетті, Озық және Таза Қазақстанды құрып жатырмыз.

Бәріміз бір ел болып, биік мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін.

https://www.akorda.kz/ru/obrashchenie-glavy-gosudarstva-kasym-zhomarta-tokaeva-po-sluchayu-mezhdunarodnogo-dnya-deystviy-protiv-yadernyh-ispytaniy-287452

21 августа 2026
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Құрылтай сайлауы қарсаңындағы үндеуі

Құрметті отандастар!

 

Алдағы жексенбі күні елімізде жаңа бірпалаталы Құрылтайдың алғашқы сайлауы өтеді. Бұл – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға.

Еліміз соңғы жылдары ауқымды реформаларды жүзеге асырып, жарқын болашаққа батыл қадам басып келеді. Біз бірлік пен келісімнің және ынтымақтың арқасында Әділетті Қазақстанды құру ісінде зор жетістікке жеттік. Халық Конституциясы күшіне енді, еліміздің даму бағдары өзгерді. Дегенмен атқаратын жұмыс әлі де көп.

Бұл сайлау халқымыздың игілігіне қызмет ететін тың реформаларға бастау болып, қазіргі Қазақстан жылнамасындағы жаңа кезеңге жол ашады.

Мен партиялардың барлығы дайындық жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізуі үшін Құрылтай сайлауы өтетін уақытты ертерек хабарладым.

Сондықтан Құрылтайдың алғашқы сайлау науқаны мазмұнды, ашық, бәсекеге толы әрі өркениетті сипатта өтті. Ел азаматтарының сайлау туралы пікірі осындай болды.

Бұл сайлау ел тарихындағы ең тартысты науқандардың бірі ретінде есте қалатыны анық. Партиялар сайлаушылармен кездесу кезінде, сондай-ақ ақпараттағы үгіт-насихат, жалпыұлттық теледебаттар, әлеуметтік желідегі пікірталастар барысында өз бағдарламаларын кеңінен әрі дәйекті түрде таныстырды.

Бір сөзбен, азаматтарымыз партиялардың ел болашағына қатысты ұстанымын мұқият зерделеуге мүмкіндік алды. Саяси ұйымдардың экономикадан бастап мәдениет саласына дейін қамтыған бастамаларын бағалап-бағамдады.

Сайлауалды науқан еліміздегі қоғамдық күн тәртібі өзгергенін, жасампаздық пен өркендеу идеясы мемлекет саясатының арқауына айналғанын айқын көрсетті. Жұрт алдына жаңа тұлғалар шықты, ұтымды ұсыныстар айтыла бастады. Бұл – түбегейлі саяси жаңғырумен қатар, ұлтымыздың қайта жанданған пассионарлық қуатын танытатын маңызды нышан.

Қоғамдық пікірталасқа жастарымыз, кәсіби қауымдастық өкілдері мен кәсіпкерлер де белсенді қатысты. Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға зор ризашылығымды білдіремін.

Жалпы, халқымыздың саяси мәдениеті артып, жұртымыз мемлекеттік басқару ісіне атсалыса бастады. Бұл біз бір ел болып жүргізген реформалардың тікелей нәтижесі екені сөзсіз.

Азаматтарымыз қастерлі Отанымыздың тағдырына шынайы жанашырлық танытып, еліміздің келешегіне жауапты екенін терең сезінуге тиіс. Сонда ғана Қазақстан одан әрі қарыштап дамиды.

Сайлау науқаны отандық және халықаралық байқаушылардың жіті назарында болды. Олар дауыс беру күні де учаскелерде болады.

Біз «Заң мен Тәртіп» қағидаты үстемдік құратын, халық үніне құлақ асатын, саяси және қоғамдық институттары тиімді жұмыс істейтін мемлекет құрып жатырмыз.

Жалпыхалықтық дауыс берудің қорытындысы бойынша Құрылтайға кәсіби мамандар мен отаншыл азаматтар сайланады деп кәміл сенемін.

Құрылтай әралуан көзқарас пен ұлт келешегі жолындағы ұмтылыстар тоғысатын біртұтас алаң болуға тиіс. Осылайша, Құрылтай ел жаңғыруына тың серпін беретін құрылымға айналмақ.

Біз геосаяси шиеленіс ширығып, жаһандық сын-қатерлер күшейе түскен кезеңде бет алған бағытымыздан таймай, тек алға қарай жүруіміз қажет. Қазақстанды әлемдегі нағыз озық мемлекеттердің қатарына қосу үшін ауқымды жұмыс атқаруымыз керек, яғни ұлттық стратегиямызды табысты жүзеге асыруымыз қажет.

Адамдар көп жағдайда қабылданған маңызды шешімдердің шынайы құндылығын жылдар өткен соң ғана түсінеді. Алдағы жексенбі ел тағдыры үшін дәл осындай бетбұрысты сәт болады.

Біз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңге қадам басамыз. Осындай тағдыршешті сәтте әр адамның дауысы маңызды екені сөзсіз.

Құрметті отандастар, еліміздің келешегі әр азаматтың саналы таңдауына байланысты болмақ. Сайлауға қатысу дегеніміз – халықтың өз ықтиярын білдіру, ел тағдырына бей-жай қарамай, азаматтық жауапкершілік таныту, ел игілігі үшін өнегелі іс жасау деген сөз. Дүние жүзінде миллиондаған адам өз сайлау құқы үшін күресуде.

Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген мақал бар. Азаматтарды, әсіресе, жастарды сайлауға келіп, өз таңдауын жасауға, яғни Қазақстанның табысты дамуына үлес қосуға шақырамын.

Халқымыздың дауысы қастерлі Отанымыздың тұғырын бекемдеуге, нағыз озық ел болуымызға тікелей ықпал етері анық.

Баршаңызға амандық және табыс тілеймін!

Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасасын!

https://www.akorda.kz/ru/obrashchenie-glavy-gosudarstva-kasym-zhomarta-tokaeva-pered-vyborami-v-kurultay-217392

10 августа 2026
Бухарестте ұлы қазақ ойшылы Абай Құнанбайұлының рухына тағзым етілді

Бүгін ұлы қазақ ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына орай Қазақстан Республикасының Румыниядағы Елшілігінің дипломаттары Бухарест қаласындағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы ақынның рухына тағзым етті.

Абайдың туған күніне орай оның ескерткішіне гүл қою Қазақстан Республикасының Румыниядағы Елшілігі үшін игі дәстүрге айналды. Жыл сайын 10 тамызда Елшілік дипломаттары қазақ халқының ұлы перзентінің рухына тағзым етіп, оның өнегелі мұрасын ұлықтайды.

Абай күні Қазақстанда жыл сайын 10 тамызда аталып өтеді. Атаулы күн Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы қаулысымен белгіленді.

Бухарест қаласындағы Абай Құнанбайұлының ескерткіші 2020 жылғы 10 қыркүйекте салтанатты түрде ашылды. Ескерткіштің бой көтеруі Қазақстан мен Румыния арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудың тағы бір символына айналды.

10 августа 2026
Қазақстан Елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды

Бухарест қ., 2026 жылғы 10 тамыз – Румынияның Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасының Елшісі Амангелді Саинов Румынияның Сыртқы істер министрі Оана Цойумен кездесіп, сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды.

О.Цойу Елшіні осы маңызды дипломатиялық лауазымға тағайындалуымен құттықтап, дипломатиялық қызметіне көмектесуге және қолдауға дайын екенін білдірді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Румыния ынтымақтастығының саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылады. Саяси диалогтың оң динамикасы және екі ел арасындағы байланыстардың жандануы атап өтілді.

Кездесу соңында тараптар тұрақты байланыстарды одан әрі жалғастыруға және екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мен нығайту бағытында бірлескен жұмысты күшейтуге мүдделі екендерін растады.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары