
2025 жылғы 22 қаңтарда Қазақстанның Елшісі Ерлік Әли Констанца облысына жұмыс сапарымен барды.
Қала мэрі В.Кицакпен, округтік кеңес төрағасы Ф.Митрамен және Констанца округінің префекті А.Пикоиумен кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.
Ашық диалог аясында Елші Қазақстанның экономикалық және инвестициялық дамуына қатысты румын тарапын қызықтыратын сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, энергетика, білім беру және жаңа технологиялар салаларындағы өзара қызығушылық тудыратын мәселелер талқыланды.
Қазақстан Республикасы Көлік министрінің 2024 жылғы қаңтарда Румынияға сапары барысында қол қойылған Көлік және көлік инфрақұрылымы саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумның ережелерін одан әрі іске асыру жөніндегі шешім бекітілді.
Ақтау және Констанца порттарын ескере отырып, тараптар екі елдің өңірлерінің, атап айтқанда, Маңғыстау облысы мен Констанца муниципалитетінің арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделі екендіктерін растады. 2025 жыл ішінде экономикалық миссиялардың өзара сапарларын жүзеге асыру, сондай-ақ өңірлер арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою туралы алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді.
Констанца портының әкімшілігімен жеке кездесу барысында Қазақстан мен Румынияның инфрақұрылымын пайдалана отырып, Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша қазақстандық жүктерді жеткізуді оңтайландыру мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, Қазақстан тарапы Орталық Азия аумағы арқылы батыс бағытта мультимодальды көлік қатынасын орнатудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ румын тарапына Қазақстанның көлік-логистикалық мүмкіндіктері таныстырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар көлік саласындағы жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендіктерін растады және жақын арада өтетін іс-шаралардың кестелерімен алмасуға келісті.
Сондай-ақ 2025 жылдың 13-17 қаңтарында Астана қаласында өткен математика, физика және информатика пәндері бойынша ХХІ халықаралық Жәутіков олимпиадасында сәтті өнер көрсеткен «Мирча Чел Батрын» атындағы Ұлттық колледжінің жеңімпаздарымен кездесу сапардың маңызды бөлігі болды.
Сапар Румыниядағы татарлардың Демократиялық одағының өкілдерімен кездесумен аяқталып, тараптар мәдениетаралық қарым-қатынастарды дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.