
Бухарест, 2024 ж. 1 шілде – Сенат депутаты Айнұр Арғынбекова мен Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Құспан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының (ЕҚЫҰ ПA) 31-ші жыл сайынғы сессиясына қатысу аясында Румыния Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Сорин Кымпеанаумен келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында әңгімелесушілер Қазақстан-Румыния ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелерін, оның ішінде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты әріптестікті тереңдету келешегін талқылады. Атап айтқанда, тараптар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, білім беру, денсаулық сақтау және көлік сияқты перспективалық салалардағы өзара іс-қимылды арттыру мәселелерін қарастырды.
Екі елдің екіжақты күн тәртібін қалыптастырудағы әйелдер рөлінің артып келе жатқанын ескере отырып, Қазақстан мен Румыния арасындағы парламентаралық дипломатияны жандандыруға ерекше назар аударылды. Бұл ретте екі ел парламенттері өкілдерінің сапарларын қайта бастау, сондай-ақ ЕКПА мен ЕҚЫҰ ПА арқылы заң шығарушы органдардың тәжірибе алмасуы мақсатында іс-шаралар кестесі қарастырылды.
Сондай-ақ екі елдің депутаттары ЕО-мен Кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім және ЕО-ның Орталық Азияға арналған стратегиясы аясында диалогты дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру, инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету, Қазақстан азаматтары үшін ЕО виза режимін жеңілдету барысын талқылады.
Әңгімелесу соңында халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің кең ауқымы бойынша пікір алмасу болды.