Румын сарапшылары Қазақстанның реформалық бағытын жоғары бағалайды

Румын сарапшылары Қазақстанның реформалық бағытын жоғары бағалайды

Бухарест, 2024 жылғы 15 мамыр – Қазақстанның Румыниядағы Елшілігі Таяу Шығыс саяси-экономикалық институтымен бірлесіп «Қазақстан: Прогрессивті реформалар бағытында. Қазақстан-Румыния ынтымақтастығының жаңа тарауы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Іс-шараға «Smartlink Communications», «EuroDefense Romania», «European Institute of Romania», «National Institute for Research and Development in Informatics» және «Institute for World Economy» -ойталқы орталықтардың жетекші сарапшылары, Румынияның бұрынғы Сыртқы істер министрлері мен Елшілері, сондай-ақ болу елдің сарапшылар қауымдастығы мен БАҚ-тың кең ауқымды өкілдері қатысты.

Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Қазақстанның Румыниядағы Елшісі Ерлік Әли іс-шараға қатысушыларды конституциялық референдум, Президенттің өкілеттігі жеті жылдық мерзіммен шектелуі және ҚР Парламентінің қос палатасының жаңаруы, сондай-ақ елімізде ғана емес, өңірде де жаңа сайлау мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің алғаш рет сайлануы сияқты маңызды ішкі саяси өзгерістердің іс жүзінде жүзеге асырылуы туралы хабардар етті. Басты мақсат ерекше аталып өтті – қазақстандықтардың нақты табыстарының қарқынды өсімін қамти отырып, Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің көлемін бес жылда 450 миллиард долларға дейін ұлғайту. Оған қол жеткізуге экономиканы ырықтандыру, бюджет және салық саясатын жетілдіру, инвестицияларды тартудың біртұтас жүйесін қалыптастыру, индустриялық саясатқа жаңа тәсілдерді енгізу және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, көлік-логистикалық әлеуетті нығайту, сондай-ақ экономиканы цифрландыру жөніндегі кешенді шаралар ықпал ететін болады. Елші ел басшылығы қазақстандықтардың әл-ауқатының одан әрі өсуін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдап жатқанына назар аударды.

Өз кезегінде румын сарапшылары Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформаларды жоғары бағалап, еліміздің саяси жаңаруы мен халқтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды трансформациясы Румыниямен қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға оң әсерін тигізетініне сенім білдірді. Оған қоса дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанның экономикалық өсуінің жаңа моделіне айтарлықтай қызығушылық танытты. Қазақстан басшылығының экономиканың берік іргетасын құруға және экономикалық өсудің жаңа нүктелерін дамытуға бағытталған жүйелі көзқарасы жоғары бағаланды. Алға қойылған міндеттердің іске асырылуы геосаяси шиеленіс пен жаһандық саясаттағы протекционизм жағдайында қазақстандық экономикасының өсу әлеуетін нығайтуын және оның жаһандық тәуекелдерге төзімділігін арттыруын қамтамасыз ететіні атап өтілді.

Іс-шара соңында қатысушылар екіжақты саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен Қазақстан-ЕО және Орталық Азия-ЕО форматындағы ынтымақтастық бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар, Қазақстанның өңірдің энергетикалық қауіпсіздігіне қосқан елеулі үлесі атап өтілді. Қазақстан мен Еуропа елдері арасындағы инвестициялық, сауда-экономикалық ынтымақтастықты, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту перспективаларын талқылау үлкен қызығушылық тудырды.