
2023 жылғы 23 қазан, Бухарест қ. – Бүгін Қазақстан Республикасының күніне орай Румынияның Президенті Әкімшілігі мен Үкіметі, Парламенті депутаттары, министрліктердің өкілдері және Бухарест қаласында аккредиттелген дипломатиялық миссиялар басшылары, сонымен бірге мемлекеттік органдар, іскерлік-қоғам мүшелері, БАҚ, сондай-ақ қазақ диаспорасының өкілдері және осы елде оқитын студенттеріміздің қатысуымен ресми қабылдау өтті.
Қазақстан Елшісі Ерлік Әли Республика күнінің халық үшін маңыздылығы туралы айтып берді, сондай-ақ бүгін Мемлекет басшысы елімізді әлеуметтік теңдік, әділдік және демократиялық өзгерістер басым жаңа Қазақстанды құру жолымен жүргізіп жатқанын атап өтті.
Е.Әли Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының басты аспектілері жайлы, сонымен бірге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық маңызы бар реформалары туралы айтып берді.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат өзінің құттықтау сөзінде біздің еліміз тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап әріптестермен өзара тиімді қарым-қатынас пен сенім диалогын дамытуға бағытталған достық көпвекторлы саясат жүргізіп келе жатқанын ерекше атап өтті.
Дипломатиялық қарым-қатынастарды орнату барысында Қазақстан мен Румыния саяси, экономикалық және мәдени салалардағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне, сондай-ақ жемісті парламентаралық диалогқа қол жеткізді.
Кештің басты қонақтары – Энергетика министрі, ҮАК-тің румын тарапының тең төрағасы Себастьян Бурдужа және Румыния СІМ Мемлекеттік хатшысы Юлиан Фота Қазақстанды Республика күнімен құттықтап, еліміздің саяси және экономикалық модернизациялауда қол жеткізген жетістіктерімізді ерекше атап өтті. Екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағаннан бері Қазақстан-Румыния ынтымақтастығының көкжиегі айтарлықтай кеңейді.
Сонымен қатар серіктестіктің жоғары деңгейі Президент Қ. Тоқаев пен Президент К. Йоханнестің ү.ж. 20 қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясының
78-ші сессиясының алаңдарындағы екіжақты келіссөздері,
сондай-ақ ү.ж. 23 қазанда екі елдің Сыртқы істер министрлері "Орталық Азия – Еуропалық Одақ" министрлік кездесуінің 19-шы отырысы аясында
ҚР Премьер – Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Румыния Сыртқы істер министрі Луминица Одобескумен өткізген кездесулері барысында расталды.
Сонымен бірге, румын тарапы достық пен әріптестік қағидаттары бойынша жемісті ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін білдірді.
Кеш аясында меймандарға румын тіліне аударылған Ұлы Абайдың «Қара сөздері», Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Әке туралы сөз» кітаптары және «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы сыйға тартылды.