
03.10.2023 ж., Бухарест – бүгін Румыния Парламенті Сенаты комитетінің төрағасы Титус Корлецянмен кездесу өтті, оның барысында тараптар парламентаралық байланыстарды тереңдетудің жаңа жолдарын талқылады.
Келіссөздер барысында тараптар екі елдің парламенттері арасындағы, әсіресе ЕКПА мен ЕҚЫҰ ПА желісі бойынша ынтымақтастықтың жоғары деңгейін растады. Атап айтқанда, тараптар халықаралық ұйымдардың отырыстары аясында екіжақты кездесулерді жандандыра отырып, парламентаралық дипломатияны дамытуға келісті.
Кездесудің маңызды тақырыбы Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда болып жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер болды. Атап айтқанда, румын сенаторына жаңа экономикалық бағыт, билік тармақтарының өзара іс-қимыл моделін жақсарту, азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейту, еліміздегі адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы жақсарту туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілді.
Айта кетер жайт, 2020 жылдың қыркүйегінде ЕКПА-ның өлім жазасын жою жөніндегі бас баяндамашысы ретінде Т. Корлецян Қазақстанның өлім жазасын толығымен жою туралы шешімін құптады, бұл өз кезегінде адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында және халықаралық шарттарда баяндалған Еуропа Кеңесінің құндылықтарына сәйкес келеді.
Кездесу соңында әңгімелесушілер саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты әріптестікті тереңдету бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.