
Бухарест, 2023 жылғы 14 қыркүйек – Котрочени сарайында Қазақстанның Елшісі Ерлік Әлидің Румыния Президенті Клаус Йоханниске сенім грамотасын салтанатты түрде тапсыру рәсімі өтті.
Салтанатты рәсімнен кейін болған кездесу барысында Елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізі мен ізгі тілектерін жеткізіп, Астананың Бухарестпен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және кеңейтуге мүдделі екенін растады.
Елші Румыния басшысын Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауы аясында жүзеге асырылып жатқан еліміздегі негізгі саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен егжей-тегжейлі таныстырды.
Қазақстан-Румыния ынтымақтастығының бар әлеуетін жоғары бағалай отырып, ол екі ел арасындағы энергетика, ауыл шаруашылығы, атом және тау-кен өнеркәсібі, цифрландыру, сондай-ақ көлік және логистика, оның ішінде Орта дәлізді қоса алғанда, салаларындағы өзара іс-қимылды жандандыру қажеттілігіне ерекше назар аударды.
Өз кезегінде Румыния Президенті К.Йоханниске қазақстандық дипломатты Румыниядағы ресми миссиясының басталуымен құттықтап, Румынияның – Орталық Азия аймағындағы маңызды саяси және сауда серіктесі Қазақстанмен қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді.
Әңгімелесушілер алдағы халықаралық іс-шаралар кестесін талқылады.
Кездесу соңында К.Йоханнис Елшіге Қазақстан мен Румыния арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуда табыс тілеп, Қазақстан басшылығы мен халқына ізгі тілегін жеткізді.