
2023 жылдың 11 қыркүйегі, Бухарест – Қазақстанның Елшісі Ерлік Әли Инвестициялар және сыртқы сауда агенттігінің президенті Рареш Бурлакумен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Румыния арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.
Екіжақты тауар айналымын арттырудың айтарлықтай әлеуеті атап өтілді. Инвестициялық ынтымақтастықты дамыту үшін Қазақстан Республикасының Румыниядағы Елшісі Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың жай-күйі туралы хабардар етті, атап айтқанда, әңгімелесушінің назарын Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына: «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты жолдауына аударды.
Инвестициялар және сыртқы сауда агенттігінің президенті Р.Бурлаку Румынияның Қазақстанмен экономикалық, сауда және инвестициялық байланыстарды нығайтуға мүдделі екенін растады. Бұл ретте ол транзиттік-көлік саласы екіжақты ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Әңгімелесушілер Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Румыния Үкіметаралық комиссиясының отырысында (2022 жылғы 6-7 қазан, Астана) қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында сондай-ақ «ҚазМұнайГаз Интернешнл» компаниясы мен оның қазақстандық энергетикалық ресурстарды Еуропаға экспорттаудағы белсенді қызметі бойынша ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Румынияда жұмыс істейтін Қазақстан Республикасының азаматтарын әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету бойынша практикалық қадамдарға ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша румын тарапына Қазақстан Республикасының өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялық тартымдылығы, сондай-ақ Түркістан облысының экспорттық және инвестициялық әлеуеті туралы материалдар ұсынылды.