
2023 жылғы 21-23 тамыз аралығында Еуропалық Парламенттің (ЕП) Сыртқы істер комитетінің (AFET) төрағасы Дэвид Макаллистер (Германия) бастаған депутаттар делегациясы Қазақстанға келеді.
Сапар аясында Еуропарламент делегациясының ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Каринмен, ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспанмен, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаевпен, бірқатар мемлекеттік органдардың басшылығымен кездесулері жоспарланған.
Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Еуропалық Одақ және оның мүше мемлекеттері арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің іске асырылу барысына қатысты пікір алмасады. Аталған құжат визалық режимді жеңілдетуді, Қазақстанды санкциялардың теріс әсерінен қорғауды, «Орта дәлізді» және көліктік өзара байланысты дамытуды, аса маңызды шикізат материалдары саласындағы ынтымақтастықты, климаттың өзгеруін және «жасыл» энергетиканы қоса алғанда, өзара іс-қимылдың 29 саласын қамтиды.