Қазақстан Премьер-Министрі Ә.Смайыловтың Тбилисиге ресми сапары туралы

Қазақстан Премьер-Министрі Ә.Смайыловтың Тбилисиге ресми сапары туралы

Ү.ж. 23 маусымда Тбилисиде өткен кездесуде Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Грузия Премьер-Министрі Ираклий Гарибашвили екі елдің арасындағы өзара ынтымақтастықты арттыруға, инвестициялық ынтымақтастықты өсіруге және көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше тоқталды.


Смайылов Еуропадан Қытайға және Оңтүстік-Шығыс Азияға ең қысқа жол ретінде екі елдің аумағы арқылы ірі трансконтиненттік көлік дәліздері өтетіндіктен, транзиттік-көліктік саланың ынтымақтастықтағы шешуші рөлін атап өтті.


Келіссөздер қорытындысы бойынша өткен баспасөз брифингінде ҚР Премьер-Министрі Транскаспий халықаралық көлік бағытына (ТХКБ) ерекше назар аударып, түйіспелерді жою және дәлізді дамыту бойынша қабылданған 2022-2027 жылдарға арналған бірлескен жол картасын еске салды.

Тараптар «Қазақстан темір жолы» мен «Грузия темір жолы» бірлескен кәсіпорнын құру мен оның жұмыс істеуінің негізгі қағидаттары туралы үшжақты келісімге қол қойды. Бұл құжат бір күн бұрын Әзербайжан теміржолдарымен қол қойылып, ол тариф саясаты мен жүктерді өңдеу және тасымалдау процестерін жеңілдетуге бағытталған.