Қазақстан Премьер-Министрі Ә.Смайыловтың Бакуге ресми сапары туралы

Қазақстан Премьер-Министрі Ә.Смайыловтың Бакуге ресми сапары туралы

Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Бакуге ресми сапары барысында Әзербайжан Премьер-Министрі Әли Асадовпен кең ауқымды мемлекетаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Премьер-Министрдің айтуынша, екі ел көлік-логистика саласында да өзара белсенді әрекет етуде. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін толыққанды пайдаланудың маңызы зор, өйткені осы бағыт бойынша тасымалданған жүк көлемі жыл басынан бері 1 млн тоннадан асып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 64%-ға ұлғайды.

«Жалпы біз Қазақстан аумағы бойынша транзит уақытын 2 есе – 12 күннен 6 күнге дейін қысқарта алдық, осы жылдың соңына қарай оны 5 күнге дейін азайтуға тырысамыз», — деген Әлихан Смайылов Әзербайжан учаскесінде де осындай жұмыстарды жүргізудің маңызын атап өтті. 

Сонымен қатар Үкімет басшысы Орта дәлізді цифрландыру жөніндегі бірлескен шаралардың да өзекті екеніне тоқталды, бұл жүк тасымалының ашықтығы мен жылдамдығын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.