
13.01.2023, Бухарест – Бүгін Қазақстанның Елшісі Нұрбах Рүстемов Румыния Премьер-министрінің Мемлекеттік кеңесшісі Юлиан Кифумен кездесті.
Келіссөздер барысында қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны еліміздегі ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдай, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды» құруға бағытталған реформалары мен бастамаларын жүзеге асыру барысы туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.
Сонымен қатар, тараптар энергетика, көлік және логистикалық ынтымақтастыққа ерекше назар аудара отырып, екіжақты қарым-қатынастардың жай-күйі мен тереңдету перспективаларын талқылады.
Өз кезегінде Ю.Кифу Қазақстан екіжақты форматта да, ЕО-Қазақстан арқылы да Орталық Азиядағы Румынияның негізгі серіктесі екенін атап өтті.
Бұл ретте Мемлекеттік кеңесші Премьер-Министр Кеңсесі Елшіліктің бастамаларын қолдайтынын және екі жаққа да тиімді, әсіресе сауда-экономикалық саладағы жобаларды жандандыруға көмектесуге дайын екеніне сендірді.
Әңгімелесушілер сондай-ақ мәдени шаралардың жүзеге асырылуын, атап айтқанда, Румынияда қазақтың ұлы композиторы Құрманғазының және Қазақстанда румынның ұлы композиторы Джордж Энеску бюстінің ашылуын талқылады.