Рим Папасы Франциск Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді

Рим Папасы Франциск Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді

Нұр-Сұлтан, 13 қыркүйек 2022 жыл - Бүгін Рим Папасы Франциск Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Бұл Рим-католик шіркеуі басшысының елімізге екінші сапары. 2001 жылы Рим Папасы Иоанн Павел II Қазақстанға сапармен келген болатын. Елорда әуежайында Понтификті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды.

Сондай-ақ бүгін Қазақстан Президенті Рим Папасы Францискпен кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Рим-католик шіркеуінің басшысына Қазақстанға келгені үшін алғыс білдірді.

– Сіздің Қазақстанға, жалпы айтқанда, Орталық Азия аймағына алғашқы апостолдық сапарыңыз менің отандастарымды қай дінді ұстанатынына қарамастан зор қуанышқа бөледі. Сіздің бұл сапарыңызды қайырымдылық пен әділдік жолындағы рухани көшбасшылықтың жарқын үлгісі ретінде бағалаймын. Қасиетті Иоанн Павелдің Қазақстанға жасаған тарихи сапары 2001 жылы қыркүйекте, сол жылғы 11 қыркүйекте бүкіл әлемді ауыр күйзеліске түсірген АҚШ-тағы террорлық актіден кейін болды. Оның символдық мәні зор еді, – деді Мемлекет басшысы.  

Сондай-ақ, Президент Рим Папасының сапары халықаралық аренадағы жағдайдың шиеленісуі мен әлемдегі ауыр геосаяси ахуал аясында өтіп жатқанына назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Католик шіркеуі басшысының Қазақстанға келуі және оның Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысуы өте маңызды оқиға екенін атап өтті. Президенттің айтуынша, Рим Папасы бейбітшілік пен өзара түсіністікке шақыратын бастамаларға себепші болуы мүмкін.

Өзара сенім мен құрмет көрсету жағдайында өткен кездесуде Мемлекетіміздің басшысы мен Рим Папасы конфессияаралық келісім мен дінаралық диалогты, Қазақстан мен Ватикан арасындағы ынтымақтастықтың даму перспективаларын ілгерілетудің өзекті мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшысы мен Рим Папасы келіссөз жүргізгеннен кейін «Қазақстан» орталық концерт залында азаматтық қоғам және дипломатиялық корпус өкілдерімен бірлескен кездесу өткізді.

Мемлекетіміздің басшысы бүгін еліміз үшін тарихи күн екенін атап өтті.

– Рим Папасы Франциск Қазақстанға алғаш рет апостолдық сапармен келді. Биыл Қазақстан мен Ватикан арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толды. Сіздің сапарыңыз осы мерейлі межеге тұспа-тұс келіп отыр. Біз бұл сапарға айрықша мән береміз. Себебі бүгінгі кездесу біздің түрлі саладағы ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтереді, – деді Президент.

Қазақстан Президенті тәуелсіздіктің 30 жылында еліміз «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатына негізделген өзіндік этносаралық және дінаралық келісім моделін қалыптастырғанын атап өтті. 

Өз кезегінде Рим Папасы Франциск жиынға қатысушылар алдында сөз сөйледі. Ол ежелгі қазақ жеріне жасаған апостолдық сапарына көңілі толатынын жеткізді. Понтификтің айтуынша, ол мұнда диалог пен бірлік іздеу мақсатымен бейбітшіліктің елшісі ретінде келген.

– Сіздерде «береке басы – бірлікте» деген мәтел бар. Бұл барлық жерде, әсіресе осы жерде маңызды ұғым екені сөзсіз. Елде 150-ге жуық этникалық топ пен сексеннен астам тіл бар. Әртүрлі тарихы, мәдени және діни дәстүрлері бар бұл халықтар бірлесе, адам айтса нанғысыз ынтымақтастық орнатқан. Сондай-ақ Қазақстанды көпұлтты, мультимәдениетті, көпконфессиялы бірегей мекенге айналдырды және бұл мемлекеттің Кездесулер елі деген ерекше атына сай келеді, – деді Понтифик.

Католик шіркеуінің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда өлім жазасын алып тастау жөніндегі шешімін қолдады. Оның пікірінше, бұл әрбір тұлғаның үміт етуге құқығы жолындағы адам өмірінің құндылығын растайды.

Рим Папасы қазіргі геосаяси шиеленіс жағдайында аса қажет диалогқа қолдау көрсету үшін дипломатиялық күш-жігерді жандандыруға шақырды.

– Араздықты шиеленістірмеуді үйренетін, блоктардың бір-біріне қарсылығын күшейтуді тоқтататын уақыт жетті. Бізге халықаралық деңгейде халықтар арасындағы өзара түсіністік пен диалогқа ықпал ете алатын және «Хельсинки рухын» қайта жандандыратын, мультилатерализмді нығайтуға ұмтылатын, өскелең ұрпақ үшін тұрақты әрі бейбіт әлем құратын көшбасшылар керек. Бұл үшін бәрімен түсіністік, төзімділік және диалог қажет. Қайталап айтамын, бәрімен! – деді Рим Папасы Франциск.

Понтифик қарусыздану, ядролық қаруды таратпау, экономиканы көміртегінен арылту және энергияның баламалы көздеріне инвестиция құю жөніндегі Қазақстанның күш-жігерін жоғары бағалады.

Католик шіркеуінің басшысы сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаевқа көрсеткен қонақжайлығы үшін ризашылығын білдіріп, елімізге бейбітшілік пен бірлік тіледі.

Дереккөз: www.akorda.kz