
2022 жылғы 15 шілдеде Қазақстан мен Румыния дипломатиялық қарым-қатынастар орнауының 30 жыл толуын атап өтеді.
Өткен үш онжылдықта екіжақты қатынастар достық, өзара сенім мен құрмет рухында белсенді дамып келді.
Румыния Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін 1991 жылы 17 желтоқсанда, яғни жарияланғаннан кейін келесі күні, мойындады.
Жоғары және аса жоғары деңгейдегі сапарлар екі ел арасындағы серіктестіктің қолайлы дамуына серпін берді. Тараптар БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да бірқатар халықаралық ұйымдар шеңберінде белсенді ынтымақтасуда.
Парламенттік дипломатияны одан әрі нығайтуға ықпал ететін Қазақстан-Румын парламентаралық достық топтарының қызметіне ерекше көңіл бөлінуде. Екі елдің парламентарийлері ЕКПА мен ЕҚЫҰ ПА шеңберінде жемісті серіктестік орнатты.
Саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қамтитын шарттық-құқықтық базаның берік негізі құрылды.
Сауда-экономикалық өлшемдегі табысты әріптестік экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссия шеңберінде жүзеге асырылады. Қазақстанның ең ірі шетелдік активі – "KazMunayGas International" компаниясының Румыниядағы қызметі инвестициялар тұрғысынан өзара тиімді әріптестіктің жарқын дәлелі болып табылады.
Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейтуге және тереңдетуге ұмтылуда. Екі жақтың күш-жігері өзара сауданың тауарлық құрылымын кеңейтуге бағытталған. Энергетика, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технологиялар және туризм салаларындағы ынтымақтастыққа бірінші кезекте көңіл бөлінуде.
Тараптар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті. Осы тұрғыда тараптар екі халық арасындағы мәдени құндылықтарды танымал ету шеңберінде қол жеткізілген өзара түсіністік пен іс-қимылдың жоғары деңгейін қанағаттанушылықпен атап өтті. Атап айтқанда, "Қазақстан" және "Бухарест" алаңдары, сондай-ақ ұлы ақындар Абай мен Михай Эминескудің ескерткіштері ашылды.
Қазақстан мен Румыния өзара тиімді серіктестікті жалғастыруға және екіжақты қарым-қатынастар мен халықаралық ұйымдар төңірегіндегі ынтымақтастықты достық рухында жалғастыруға дайындығын растайды.