
2022 жылғы 14-15 наурыз, Бухарест – Қазақстанның Елшісі Нұрбах Рүстемов Румыния Парламентінің депутаттарымен бірқатар кездесулер өткізіп, оның барысында парламенттік дипломатияның әлеуетін пайдалана отырып, екіжақты қарым-қатынастарды жандандыру бойынша бірлескен жоспарлар белгіленді.
Келіссөздер барысында депутаттарға Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың жүзеге асырылу барысы туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілді. Сонымен қатар, Н.Рүстемов сұхбаттасушыларды ЕҚЫҰ ПА және ЕКПА аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен белсендірек өзара әрекеттесуге шақырды.
Өз кезегінде депутат Бенедек Захарие жүк ағынын арттыру үшін Қазақстан мен Румыния арасындағы көлік бағыттарын дамыту қажеттігін атап өтті.
Парламентарийлер Алин Стойка мен Раду Молнар парламентаралық байланыстарды жандандыруға жәрдемдесуге ниетті екендіктерін, сондай-ақ сауда-экономикалық салада жаңа тауашаларды ашу мақсатында Қазақстанға келуге дайын екендіктерін растады.
Жалпы, румын парламентшілері достық қарым-қатынастардың деңгейін жоғары бағалап, олардың сындарлылығын және Қазақстан мен Румыния арасында проблемалардың жоқтығын атап өтті.