01.03.2022, Бухарест – бүгін Қазақстан Республикасының Елшісі Нұрбах Рүстемов Румыния Сыртқы істер министрлігінің жаңадан тағайындалған Мемлекеттік хатшысы Юлиан Фотамен келіссөздер жүргізді.
Тараптар жан-жақты қазақстандық-румындық әріптестіктің жай-күйін талқылап, ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын белгіледі. Атап айтқанда, авиация, білім және қаржы салаларындағы құқықтық базаны кеңейту, сондай-ақ экономикалық (Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 16-шы отырысын және бизнес-форумдарды өткізу) және мәдени-гуманитарлық өзара әрекеттесу (жаңа ескерткіштерді ашу және кітаптар шығару).
Сондай-ақ 2022 жылға арналған екіжақты іс-шаралар кестесі талқыланды. Биылғы жыл оқиғаларға толы болады деп жоспарлануда, өйткені Қазақстан мен Румыния дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады.
Сонымен қатар, Елші Н.Рүстемов еліміздегі ағымдағы жағдай туралы егжей-тегжейлі хабардар етті, сондай-ақ румын дипломатын Қазақстандағы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бастаған саяси және әлеуметтік-экономикалық қайта құрулардың жүзеге асырылу барысымен таныстырды.
Өз кезегінде Мемлекеттік хатшы Ю.Фота әлемдегі күрделі жағдайға қарамастан Қазақстан мен Румыния арасындағы достық байланыстардың нығая түсетініне сенім білдіре отырып, екіжақты қарым-қатынастардың барлық спектрі бойынша жұмысты жандандыруға дайын екенін растады.
Кездесу соңында дипломаттар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.