Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңестің президенті Шарль Мишельмен келіссөз жүргізді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңестің президенті Шарль Мишельмен келіссөз жүргізді

Өзара достық пен сенімге негізделген әңгімелесу барысында тараптар Қазақстандағы қазіргі ішкі саяси ахуалды және Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық серіктестіктің даму перспективаларын талқылады.

Шарль Мишельдің өтініші бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі қазіргі оқиғалардың себептері мен қабылданып жатқан мемлекеттік шаралар жөнінде мәлімет берді. Президент конституциялық құрылысқа нұқсан келтіріп, мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылған террористер мен бұзақылардың зорлық-зомбылық әрекеттері туралы айтты.

Президент болған қайғылы оқиғаларды аса ауыр агрессиялық акт және мемлекеттілігімізге жасалған қастандық деп атады. Сондай-ақ лаңкестердің зорлық әрекеттері салдарынан көптеген құқық қорғау қызметкерілері мен бейбіт тұрғындардың құрбан болғанын, 1300-ге жуық кәсіпкерлік нысанға залал келгенін, 100-ден астам сауда орталығы мен банктердің тоналғанын, 500-ге жуық полиция машинасы өртенгенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағалауынша, мемлекеттің алдын ала экономикалық шығыны 2-3 миллиард АҚШ долларын құрайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағына ҰҚШҰ-ның бітімгерлік күштері құрамының орналастырылуы жөнінде нақты түсіндірме жасады.

Мемлекет басшысы Қазақстан өзінің халықаралық міндеттемелерін сақтауға бейіл екенін атап өтіп, Еуропалық Одақтың институттарымен және оған мүше мемлекеттермен арадағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайындығын нақтылады.