
2021 жылғы 14 желтоқсанда – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде Румынияның тарихи және экономикалық орталықтарының бірінде, Констанца қаласында, облыс және қала басшылығының, бизнес және ғылыми – академиялық орта өкілдерінің, өңірлік БАҚ өкілдерінің қатысуымен ресми қабылдау өтті.
Өзінің сөзінде Қазақстан Елшісі Нұрбах Рүстемов біздің халқымыз үшін осы тарихи күннің ерекше маңыздылығын атап өтіп, Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанды құрудағы басты рөлін атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамды демократияландыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі жан-жақты саяси реформаларды іске асыруға бағытталған бастамалары да маңызды тақырып болды.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат ағымдағы жылы қазақстандық-румын әріптестігінің қорытындылары туралы сөйледі. Сыртқы істер министрлерінің келіссөздері, румын сенаторлары мен депутаттарының Қазақстанға сапары, Бухарестте «Қазақстан» скверінің және Нұр-Сұлтанда румын ақыны Михай Эминескудің бюстінің ашылуы және т.б. ынтымақтастықтың оң даму серпіні атап өтілді.
Елші Қазақстан мен Румыния арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай өтетін 2022 жылға арналған жоспарларымен бөлісті. Атап айтқанда, күн тәртібіне жоғары деңгейдегі сапарлар, бизнес форумдар мен бірқатар мәдени іс-шаралар кіреді.
Іс-шара барысында қонақтардың назарына қазіргі Қазақстан туралы бейнесюжеттер ұсынылды. Сондай-ақ, қонақтарға румын тіліне аударылған Абай Құнанбайұлының "Қара сөздер" кітабы мен 2021 жылғы 1 қыркүйектегі "Халық бірлігі және жүйелі реформалар-ел өркендеуінің берік негізі" атты Қазақстан халқына Жолдауымен кітапшалар табыс етілді.
Констанца - Румынияның ең үлкен қалаларының бірі. Қала Қара теңіз жағалауында орналасқан және қолайлы географиялық орналасуы мен аймақтағы ең үлкен теңіз портының болуына байланысты ірі туристік және экономикалық орталық болып табылады.