
2021 жылғы 8 қараша, Бухарест қаласы - бүгін Қазақстанның Елшісі Нұрбах Рүстемов Румыния Парламенті Депутаттар Палатасының сыртқы саясат комитетінің төрайымы Розалия Биромен кездесті.
Келіссөздер барысында тараптар парламентаралық байланыстарды дамытудың жаңа бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, өзекті халықаралық күн тәртібі ("тұрақты даму", Ыстамбұл Конвенциясының ережелерін имплементациялау және т.б.) бойынша пікір алмасу мақсатында Қазақстан мен Румынияның заңнамалық органдары арасында бейнеконференция форматында кездесу өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Кездесудің жеке тақырыбы екі ел арасындағы шарттық-құқықтық базаны кеңейту арқылы білім беру, туризм және мәдениет салаларындағы екіжақты өзара іс-қимылды жандандыру болды. Р. Биро жоғары оқу орындары арасында студенттер алмасу, тікелей әуе қатынасын орнату, көрмелер ұйымдастыру және т. б. қазақстандық бастамаларға қолдау білдірді.
Сонымен қатар, дипломатиялық қатынастардың орнауының 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында тараптар Қазақстан-Румыния қарым-қатынастарын одан әрі кеңейтуге бағытталған нақты жобаларды іске асыру жолдарын талқылады.