GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Елшілік туралы
Екіжақты ынтымақтастық
Байланыс ақпарат
Консулдық мәселелер
Баспасөз орталығы
Все материалы
12 октября 2026
Брюссельдегі Гран-Плас алаңында Қазақстанның туы алғаш рет көтерілді

Брюссель, 2026 жылғы 12 қазан - Бельгия Королі Филипп пен Королева Матильданың Қазақстанға мемлекеттік сапарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай еліміздің Мемлекеттік Туы Брюссельдің әйгілі Гран-Плас алаңында орналасқан қалалық әкімдік ғимаратында алғаш рет көтерілді.

Брюссель қаласының билігі мен Бельгия Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен өткен бұл шара екі ел арасындағы достықтың, өзара құрмет пен нығайып келе жатқан әріптестіктің символына айналды.

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Гран-Плас алаңында өткен шараға Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігінің өкілдері, қазақстандық студенттер, Бельгияда тұратын отандастарымыз, сондай-ақ туристер мен қала қонақтары қатысты.

Аталмыш шараға ұлттық киім киген қазақстандық студенттер ерекше сән берді. Олар флешмоб ұйымдастырып, музыкалық өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ, шара қонақтары қазақ мәдениетімен жақынырақ танысып, ұлттық тағамдарымыздан дәм татты.

«Қазақстанның Туын Брюссельдің қақ ортасында көру — біз үшін үлкен қуаныш. Біз осында білім алып, бельгиялық мәдениетпен танысып қана қоймай, достарымызға Қазақстанды таныстыруға да тырысамыз. Осындай іс-шаралар елдеріміздің арасындағы байланысты нығайтып, халықтарымызды жақындастыра түседі», — деді «Qazaq Society in Belgium» студенттік ұйымының жетекшісі Назгүл Нұрғали.

Қазақстанның Мемлекеттік Туының Брюссель қалалық әкімдігі ғимаратында көтерілуі екі ел арасындағы достық пен өзара ынтымақтастықтың нығая түскенін айғақтайтын маңызды оқиға болды.

07 октября 2026
Newsletter Kazakhstan - 07.10.2026

Newsletter Kazakhstan - 07.10.2026

06 октября 2026
Қазақстан мен Бельгия көлік, «жасыл» энергетика және орнықты даму салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті

Брюссель, 2026 жылғы 6 қазан – Бельгиялықтар Королі Филипптің Қазақстанға тарихтағы алғашқы мемлекеттік сапары қарсаңында Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Бельгияның Ұтқырлық, климат, экологиялық өтпелі кезең және орнықты даму мәселелері жөніндегі федералдық министрі Жан-Люк Крюкемен кездесті.

Тараптар көлік және логистика, жаңартылатын энергетика, өнеркәсіпті декарбонизациялау, аса маңызды шикізат материалдары, «жасыл» технологиялар және орнықты даму салаларындағы қазақстандық-бельгиялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның көлік және энергетикалық инфрақұрылымын жаңғыртуға озық бельгиялық технологиялар мен инвестицияларды тартуға ерекше назар аударылды.

Елші өнеркәсіптік және технологиялық кооперацияны тереңдету үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті. Қазақстан Еуропалық одақ аса маңызды деп айқындаған шикізаттың 34 түрінің 21-ін өндіреді және бельгиялық әрі еуропалық әріптестермен бірлесіп, шикізат экспортынан оны терең өңдеуге, технологиялар трансферіне және жоғары қосылған құны бар өндірістер құруға көшуге мүдделі.

Ж.-Л.Крюкенің қатысуы жоспарланып отырған Бельгия монархының Қазақстанға алдағы мемлекеттік сапарына ерекше назар аударылды. Тараптар сапар практикалық өзара іс-қимылға қосымша серпін беріп, бельгиялық министрдің құзыретіне кіретін салаларда жаңа бірлескен жобаларды айқындауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Әңгіме барысында Ж.-Л.Крюке 2019 жылы Валлонияның бюджет, қаржы, әуежайлар және спорт инфрақұрылымы мәселелері жөніндегі министрі лауазымында Қазақстан мен Бельгия футбол құрамалары арасындағы кезекті матчқа байланысты Астанаға жасаған бұрынғы сапарын жылы ықыласпен еске алды. Қазақстан астанасындағы синагогаға барғанын ерекше атап өтіп, елдегі қалыптасқан конфессияаралық келісім ахуалына оң бағасын берді. Осы орайда Елші Қазақстанның дәстүрлі түрде этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті.

Экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық перспективалары, оның ішінде декарбонизация, циркулярлық экономика, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және «жасыл» технологияларды енгізу мәселелері жеке талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Бельгия арасындағы экономикалық өсуді, өнеркәсіптік жаңғыртуды және климаттық мақсаттарға қол жеткізуді ұштастыратын, нақты жобаларға бағдарланған прагматикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілік расталды.

30 сентября 2026
Мұнай-химиядан Орта дәлізге дейін: Қазақстан мен Katoen Natie жаңа жобаларды талқылады

Антверпен, 2026 жылғы 29 қыркүйек – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко бельгиялық Katoen Natie компаниясының штаб-пәтеріне жұмыс сапарымен барып, өнімнің әртүрлі түрлерін сақтау, қаптау, өңдеу және дистрибуциялауды, сондай-ақ автоматтандырылған қойма және тарату кешендерін құруды қамтитын логистикалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі қызметімен танысты.

Сапар аясында Р.Василенко компанияның төрағасы және бас директоры Фернан Хатспен, сондай-ақ компания басшылығының өкілдерімен кездесті. Тараптар логистика, қойма инфрақұрылымын дамыту және мультимодальды тасымалдар салаларындағы ынтымақтастықтың перспективаларын қарастырды.

Тараптар сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамыту және Katoen Natie компаниясының логистикалық хабтар, мультимодальды терминалдар мен заманауи қойма кешендерін құрудағы құзыреттерін пайдалану мүмкіндіктерін талқылады.

Анықтама: Katoen Natie – мұнай-химия және өнеркәсіптік логистикаға, қойма және терминалдық операцияларға, мультимодальды тасымалдарға, автоматтандыруға және жеткізу тізбектерінің инжинирингіне маманданған Бельгияның ірі жеке отбасылық өнеркәсіптік-логистикалық топтарының бірі. Компания 30 елде жұмыс істейді, 18 мыңнан астам қызметкері бар, жылдық айналымы шамамен 3,2 млрд еуроны құрайды. Топтың иесі әрі басшысы Фернан Хатс Бельгияның ең ауқатты кәсіпкерлерінің қатарына кіреді: Forbes бағалауы бойынша, ол бельгиялық миллиардерлер арасында 3-орында, оның дәулеті шамамен 5,1 млрд АҚШ долларына бағаланады.

29 сентября 2026
Қазақстан мен Jan De Nul көлік инфрақұрылымы саласындағы ынтымақтастық персективаларын талқылады

Алст, 2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко бельгиялық «Jan De Nul» компаниясы Басқармасының төрағасы Ян Питер Де Нулмен кездесті. Тараптар компанияның Қазақстандағы ағымдағы жобаларын және көлік пен порт инфрақұрылымы, теңіз инжинирингі, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытын        (Орта дәліз) дамыту салаларындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Қазақстанның көлік инфрақұрылымын ауқымды жаңғыртуға ерекше назар аударылды. Тараптар Орта дәліздің Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланысын нығайтудағы өсіп келе жатқан рөлін атап өтіп, Каспий инфрақұрылымын одан әрі дамыту перспективаларын талқылады. Түбін тереңдету және гидротехникалық жұмыстар, энергетикалық инфрақұрылым және басқа да перспективалы жобалар аясындағы ықтимал ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Jan De Nul арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделілігін растады.

Анықтама: Jan De Nul – түбін тереңдету жұмыстарына, теңіз және порт инфрақұрылымына, офшорлық энергетика мен кешенді инжинирингке маманданған Бельгияның ең ірі отбасылық инженерлік-құрылыс топтарының бірі. 2025 жылы компанияның айналымы 4,24 млрд еуроны, EBITDA көрсеткіші 812 млн еуроны, таза пайдасы 458 млн еуроны құрады. Компанияда 9 мыңнан астам адам жұмыс істейді; 2025 жылы ол әлемнің 31 елінде 298 жобаны іске асырды, ал инвестиция көлемі 1 млрд еуродан асты.

23 сентября 2026
Қазақстан мен Антверпен сауда, логистика және инновациялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Антверпен, 2026 жылғы 22 қыркүйек – Антверпен провинциясына жұмыс сапары аясында Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Антверпен-Ваасланд Сауда-өнеркәсіп палатасының (VOKA), Антверпен қаласы әкімдігінің, The Beacon инновациялық-технологиялық хабының және Антверпен-Брюгге портының басшылығымен кездесулер өткізді. Негізгі назар сауда-инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, Орта дәлізді дамытуға, цифрландыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Антверпеннің іскерлік және инновациялық экожүйелері арасында тікелей байланыстар орнатуға аударылды.

VOKA Antwerpen-Waasland бас директоры Люк Лювелмен кездесу барысында өңір компанияларын Қазақстандағы мұнай-химия және химия өнеркәсібі, машина жасау, энергетика, логистика, озық материалдар және циркулярлық экономика салаларындағы жобаларды іске асыруға тарту перспективалары талқыланды. Антверпеннің өнеркәсіптік мамандануы Қазақстанның өндірісті жаңғырту, өңдеу секторын дамыту және жоғары қосылған құны бар өнімдер шығару жөніндегі басымдықтарына сәйкес келетіні атап өтілді.

Қазақстанда жобаларды іске асырып жатқан немесе дамытып отырған Ahlers Logistics, Sarens және Jan De Nul бельгиялық бизнестің табысты мысалдары ретінде атап өтілді. Қазақстандық тарап VOKA-ға Антверпеннің жаңа компанияларын тартуға, салалық бизнес-миссияларды ұйымдастыруға және қазақстандық серіктестермен әрі даму институттарымен тікелей байланыстар орнатуға жәрдемдесуді ұсынды.

Антверпен әкімдігінде сыртқы байланыстар және халықаралық істер жөніндегі директор Том Вербеленмен кездесу барысында тікелей муниципаларалық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктері қарастырылды. Мемлекеттік және қалалық қызметтерді цифрландыруға, «ақылды қала» технологияларына, жасанды интеллектке, қалалық мобильділік пен орнықты дамуға ерекше назар аударылды. Қазақстандық тарап мемлекеттік қызметтердің шамамен 90%-ы онлайн қолжетімді Қазақстанның цифрлық трансформация саласындағы тәжірибесін, сондай-ақ Kaspi.kz пен биометриялық технологияларды қоса алғанда, финтех және цифрлық шешімдердің дамуын таныстырды.

The Beacon инновациялық-технологиялық хабында Елші Антверпеннің технологиялық компаниялары мен стартаптарының экожүйесімен танысты. Тараптар жасанды интеллект, заттар интернеті, киберқауіпсіздік, smart city және smart port, өнеркәсіптік цифрландыру, пилотсыз технологиялар және логистика салаларындағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады. The Beacon мен Astana Hub арасында тікелей ынтымақтастық орнату, оның ішінде стартаптар алмасу, технологиялық matchmaking, бірлескен акселерациялық бағдарламалар және кейіннен Орталық Азияда ауқымын кеңейту мүмкіндігімен пилоттық жобаларды іске асыру ұсынылды.

Сапардың жеке бағыты Антверпен-Брюгге портының халықаралық даму жөніндегі директоры Вим Дилленмен кездесу болды. Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамыту және Антверпен-Брюгге порты мен Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары арасында тікелей өзара іс-қимыл орнату мәселелерін талқылады.

Практикалық бағыттар ретінде порт инфрақұрылымын басқару және цифрландыру, мультимодальды логистика, smart-port технологиялары, декарбонизация және порт мамандарын даярлау салаларында тәжірибе алмасу ұсынылды. Қазақстандық мамандарды Антверпеннің бейінді орталықтары базасында оқыту мүмкіндігі, сондай-ақ Антверпенді қазақстандық металдар, критикалық шикізат, мұнай-химия және агроөнеркәсіп өнімдері үшін еуропалық логистикалық және дистрибуциялық хаб ретінде пайдалану мәселесі жеке қарастырылды. Перспективада Антверпен-Брюгге, Ақтау және Құрық порттары арасында ынтымақтастық туралы негіздемелік құжат жасасу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Кездесулер барысында 2026 жылдың күзіне жоспарланған Бельгия Королі Филипптің Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары да талқыланды. Антверпеннің іскер топтарының өкілдері Астанада өтетін Қазақстан-Бельгия бизнес-форумына қатысуға және сапар мүмкіндігін қазақстандық компаниялармен және мемлекеттік құрылымдармен жаңа тікелей байланыстар орнату үшін пайдалануға шақырылды.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар диалогтан нақты инвестициялық, технологиялық және инфрақұрылымдық жобаларға көшуге, сондай-ақ Қазақстан мен Антверпеннің компаниялары, порттары, инновациялық хабтары және муниципалдық құрылымдары арасында тікелей байланыстарды дамытуға мүдделілігін растады.

Анықтама: Антверпен провинциясы Бельгия мен Еуропаның ірі өнеркәсіптік, логистикалық және инновациялық орталықтарының бірі болып табылады. Оның ЖІӨ-сі 2024 жылы шамамен 117,8 млрд еуроны құрады, бұл Бельгия ЖІӨ-сінің (620,3 млрд еуро) шамамен 19%-ына сәйкес келеді және провинцияны елдің ең ірі экономикалық орталықтарының біріне айналдырады. Өңір экономикасы порттық логистикаға, химия және мұнай-химия өнеркәсібіне, машина жасауға, фармацевтикаға, озық технологиялар мен инновацияларға маманданған. VOKA Antwerpen-Waasland өнеркәсіптік желісі BASF, INEOS, ExxonMobil, TotalEnergies, Atlas Copco, Katoen Natie, Indaver және Umicore компанияларын қоса алғанда, 300-ге жуық өндірістік компанияны біріктіреді.

23 сентября 2026
Бельгиялық студенттер «Кітап оқитын ұлт» жобасына қызығушылық танытты

Монс, 2026 жылғы 21 қыркүйек – Монс университетінде (UMONS) жастар арасында кітап оқуды дәріптеуге, білімге, мәдениетке және ұлттық мұраға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған қазақстандық «Кітап оқитын ұлт» жобасының таныстырылымы өтті.

Кездесуге Экономика және менеджмент факультетінің деканы, қазан айынан бастап тұрақты даму және қоғамдық өмір мәселелері жөніндегі проректор қызметіне кірісетін Шанталь Скубо (Chantal Scoubeau), университет оқытушылары, сондай-ақ бакалавриат, магистратура және докторантураның 40-тан астам студенті қатысты. Қатысушыларға республикалық кітап оқу марафонының негізгі мақсаттары және бастамаға конкурстан тыс форматта қосылуға мүмкіндік беретін оның жаңа Parasat бағыты таныстырылды.

Бұған дейін Қазақстанда болған Монс университетінің студенті Жад Шарпантье (Jade Charpentier): «Жастар арасында кітап оқуды насихаттауға бағытталған бұл бастама ой-өрісті кеңейтуге, жаңа идеялар мен мәдениеттерді танып-білуге, сондай-ақ қоршаған әлемге жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті.

Таныстырылым заманауи Қазақстанға, оның ұлттық дәстүрлері мен тіліне арналған бағдарламамен жалғасты. Монс қаласында тұратын отандастарымыз Айгерім Аққұлова (Qazaq Centre) мен Айнұр Касенова қазақтың салт-дәстүрлері және олардың қоғам өміріндегі орны туралы әңгімеледі. Ауызша және жазбаша аударма факультетінің посткеңестік кеңістікті зерттеу кафедрасының студенттері қазақ тіліне ерекше қызығушылық танытты. Интерактивті сабақ барысында олар күнделікті қолданыстағы сөздер мен сөз тіркестерін үйреніп, қазақ тілінде алғашқы сөйлемдерін айтты. Сондай-ақ студенттер қазақ тілін одан әрі үйренуге және факультетте толыққанды қазақ тілі курсының ашылуына қызығушылық білдірді.

Домбырада екі қазақ күйін орындаған бельгиялық студенттер Анжелика мен Ксавьенің өнері ерекше қызығушылық тудырды. Бұған дейін олар Алматыда алты айлық тағылымдамадан өтіп, Қазақстанның мәдениетімен және күнделікті өмірімен танысып, қазақтың ұлттық аспабын меңгере бастаған.

Монс университетінде өткен жобаның таныстырылымы оның халықаралық аудиториясын кеңейтіп, бельгиялық студенттерге Қазақстанды әдебиет, тіл және музыка арқылы танып-білудің тағы бір мүмкіндігін ұсынды.

18 сентября 2026
Өнеркәсіптік кооперациядан инновацияларға дейін: Қазақстан мен Бельгия ынтымақтастықтың жаңа өсу нүктелерін айқындады

Намюр, 2026 жылғы 18 қыркүйек – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Валлонияның Министр-президенті, қаржы, халықаралық қатынастар және жануарлардың әл-ауқаты министрі Адриен Долимонмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Валлония арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика, аса маңызды шикізат материалдары, инновациялар, цифрландыру, сондай-ақ ғылым мен білім салаларындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударды. Валлонияның дамыған өнеркәсіптік және ғылыми-технологиялық базасы Қазақстанның индустриялық жаңғырту және инвестициялар тарту саласындағы мүмкіндіктерін тиімді толықтыратыны атап өтілді.

Р.Василенко сұхбаттасын Қазақстандағы саяси жаңғырудың жаңа кезеңі, 2026 жылғы 23 тамызда өткен бір палаталы Құрылтай сайлауының қорытындылары және жаңа Үкіметтің жасақталуы туралы хабардар етті. Сондай-ақ 2026 жылдың күзінде Бельгия Королі Филипптің Қазақстанға алғашқы Мемлекеттік сапарына дайындық және А.Долимонның Бельгияның ресми делегациясы құрамында қатысуы талқыланды.

Өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Практикалық мысал ретінде бельгиялық John Cockerill компаниясының Qarmet компаниясымен жаңа ыстық мырыштау және полимерлік жабындар кешенін салу жөніндегі ынтымақтастығы атап өтілді. Тараптар металлургия, өнеркәсіптік инжиниринг, автоматтандыру, декарбонизация, жаңартылатын энергетика және сутегі технологиялары салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективаларын атап өтті.

Көлік-логистика саласында Валлония инфрақұрылымын Транскаспий халықаралық көлік бағытымен (Орта дәліз) ұштастыру мүмкіндіктері қарастырылды. 2026 жылғы 16 маусымда ASL Airlines Belgium компаниясының Льеж және Қарағанды әуежайлары арасында аптасына бес рейс жиілігімен тікелей жүк әуе қатынасын іске қосуы Қазақстан, Азия және Еуропа арасындағы жүк тасымалдарын дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді.

Аэроғарыш саласы, жасанды интеллект, цифрландыру және Smart City бағыттарындағы ынтымақтастық перспективалары жеке талқыланды. Қазақстан тарапы валлондық технологиялық компаниялармен, университеттермен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен тікелей байланыстар орнатуға, оның ішінде бірлескен зерттеулер жүргізуге, мамандар даярлауға және технологияларды коммерцияландыруға қызығушылық білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар нақты инвестициялық және технологиялық жобаларды іске асыру, компаниялар, университеттер мен өңірлік институттар арасында тікелей байланыстар орнату, сондай-ақ өзара сапарлар мен бірлескен іскерлік іс-шаралар өткізу арқылы Қазақстан мен Валлония арасындағы ынтымақтастықты практикалық арнада дамытуға мүдделілігін растады.

Анықтама үшін: Валлония – Бельгияның үш өңірінің бірі, оның құрамына бес провинция – Льеж, Эно, Намюр, Валлондық Брабант және Люксембург кіреді. Өңірдің ЖІӨ-сі 2024 жылы шамамен 144 млрд еуроны (Бельгия ЖІӨ-сінің 23%-ын) құрады. Негізгі салалары – фармацевтика және биотехнологиялар, металлургия және машина жасау, химия және аэроғарыш өнеркәсібі, энергетика, логистика, агроөнеркәсіп кешені және цифрлық технологиялар. ҒЗТКЖ-ға жұмсалатын шығындар ЖІӨ-нің шамамен 3,2%-ын құрайды.

2024 жылы тауар экспорты шамамен 61,9 млрд еуроны құрады, оның шамамен 80%-ы еуропалық нарықтарға тиесілі. Негізгі экспорттық тауарлар – фармацевтикалық өнімдер, азық-түлік, металдар мен металл өнімдері, химиялық өнімдер, машиналар мен жабдықтар. Өңірдегі ірі компаниялардың қатарында John Cockerill, FN Browning Group, GSK, UCB, Safran Aero Boosters, Sonaca және IBA бар.

17 сентября 2026
Қазақстан мен Валлония өнеркәсіптік, энергетикалық және муниципалдық ынтымақтастық перспективаларын талқылады

Эрсталь – Серен – Визе, 2026 жылғы 16 қыркүйек – Валлония өңіріне жұмыс сапары аясында Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко жетекші өнеркәсіптік компаниялар – «FN Browning Group» және «John Cockerill» басшылығымен, сондай-ақ Эрсталь және Визе қалаларының басшыларымен кездесулер өткізді.

Серен қаласында Елші «John Cockerill» компаниясының Бас директоры Жан-Люк Моранжбен келіссөздер өткізді. Кездесу барысында ол компанияның ғасырдан астам тарихы және технологиялық шешімдерімен танысты. Энергетика және инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздері, жасыл сутегі, өнеркәсіпті декарбонизациялау, металлургия және заманауи өнеркәсіптік технологиялар салаларындағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды. Қазақстан тарапы «John Cockerill» компаниясының Қазақстандағы қызметін түрлі бағыттар бойынша кеңейтуге қызығушылық білдірді.

John Cockerill мен Qarmet арасындағы ыстықтай мырыштау және полимерлік жабындар бойынша жаңа кешен салу жөніндегі ынтымақтастық табысты мысал ретінде атап өтілді. Сонымен қатар бельгиялық компанияның Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздері, сутегі және дәстүрлі энергетиканы дамыту жобаларына қатысу әлеуеті талқыланды. 2025 жылы Қазақстанда электр энергиясын өндірудегі ЖЭК үлесі шамамен 7%-ға жетті, ал 2030 жылға қарай стратегиялық мақсат – 15%.

Эрсталь қаласында Р.Василенко FN Browning Group-тың тұрақты даму және мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі директоры Матье Рикевертпен және қала мэрі Фредерик Даерденмен кездесті. Кездесу барысында Елші компанияның тарихымен және оның технологиялық шешімдерімен танысты.

Визе қаласында Елші қала мэрінің міндетін атқарушы Франсис Тёниссенмен кездесті. Тараптар тікелей муниципалдық байланыстарды, мәдени және спорттық алмасуларды, сондай-ақ Визе–Льеж өңірінің қазақстандық велоспортпен тарихи байланыстарын талқылады. Қазақстан тарапы қалалардың өнеркәсіптік сипатын және қалалық трансформация, өнеркәсіптік мұра, білім, мәдениет және спорт салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын ескере отырып, Визе мен Қазақстан қалаларының арасында бауырлас қалалар қатынастарын орнату мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Сонымен қатар 2027 жылы Қазақстан мен Бельгия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуына орай велошеру өткізу мүмкіндігі талқыланды. Визе велоспорт тарихында ерекше орын алады: 2012 жылы қала Tour de France-тың Visé–Tournai кезеңінің бастапқы нүктесі болды, ал Льеж–Визе өңірі көптеген жылдар бойы қазақстандық кәсіби велошабандоздарды даярлаумен байланысты.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар нақты өнеркәсіптік, энергетикалық, муниципалдық және гуманитарлық жобаларға баса назар аудара отырып, практикалық диалогты жалғастыруға мүдделілігін растады.

 

Анықтама үшін: Валлония — Бельгияның үш өңірінің бірі, құрамына бес провинция кіреді және халқы шамамен 3,71 млн адамды құрайды. 2024 жылы өңірдің ЖІӨ шамамен 144 млрд еуроға, яғни Бельгия ЖІӨ-нің шамамен 23%-ына жетті; болжам бойынша 2026 жылы бұл көрсеткіш 155 млрд еуроны құрауы мүмкін. Валлония экономикасы өнеркәсіп, металлургия, машина жасау, химия, фармацевтика, энергетика және логистика салаларына маманданған. Эрсталь, Серен және Визе қалалары орналасқан Льеж провинциясы өңірдің негізгі өнеркәсіптік және логистикалық орталықтарының бірі болып табылады, мұнда металлургия, машина жасау, қорғаныс өнеркәсібі, энергетика және жоғары технологиялар салалары, соның ішінде John Cockerill және FN Browning Group шоғырланған.

15 сентября 2026
Астана мен Брюссель ынтымақтастық көкжиегін кеңейтуде

Брюссель, 2026 жылғы 15 қыркүйек – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Брюссель қаласының мэрі Филипп Клозбен кездесіп, Астана мен Бельгия астанасы арасындағы ынтымақтастықты дамытудың жаңа мүмкіндіктерін талқылады.

Тараптар туризм, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет пен спорт, қалалардың орнықты дамуы, сондай-ақ қала әкімшіліктері арасында тәжірибе және озық практикалар алмасу секілді өзара іс-қимылдың кең ауқымды бағыттарын қарастырды.

«Брюссель – Еуропаның саяси жүрегі әрі халықаралық ықпалдастықтың аса маңызды орталығы. Біз екі астана арасындағы практикалық байланыстарды дамытуға және екі қаланың тұрғындарына нақты пайда әкелетін бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз», – деді Роман Василенко.

Филипп Клоз Қазақстанның Брюссельдегі мәдени қатысуын кеңейтуге бағытталған бастамаларды қолдап, Қазақстанға қаланың жыл сайынғы басты қысқы іс-шараларының біріне серіктес ретінде қатысу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл Брюссель тұрғындары мен қонақтарын Қазақстанмен және оның мәдениетімен кеңінен таныстыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, тараптар Астана мен Брюссель арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға және екі ел азаматтары арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал ететін жаңа қалалық және қоғамдық бастамалар жөнінде пікір алмасты.

Кездесу барысында бельгиялықтар Королі Филипптің Қазақстанға алдағы Мемлекеттік сапары да сөз болды. Сапар екіжақты қатынастарды дамытудағы маңызды кезең болып, практикалық ынтымақтастыққа қосымша серпін береді деп күтілуде.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Астана мен Брюссель арасындағы байланыстарды одан әрі тереңдетуге өзара мүдделілігін растап, талқыланған бастамаларды ілгерілету бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Фото: Брюссель қаласының мэриясы

Социальные сети
Twitter
Instagram
Facebook
Telegram
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары