
Брюссель, 2025 жылғы 14 наурыз – Бельгия Корольдігінің Сыртқы істер министрлігінде Орталық Азиядағы инвестициялық мүмкіндіктерге арналған «Team Belgium Global Gateway» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Бельгияның сыртқы саяси ведомствосы мен Валлония сауда-өнеркәсіп палатасы (AWEX), Фландрия сауда-өнеркәсіп палатасы (FIT) және Брюссель астаналық аймағының сауда-өнеркәсіп палатасы (HUBBrussels) ұйымдастырды. Іс-шараға 20-дан астам ірі бельгиялық компаниялардың өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел қатысушыларын құттықтай отырып, Бельгияның Сыртқы істер министрінің орынбасары Биргит Стивенс Бельгия компанияларының Орталық Азияда өзара тиімді инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жоғары қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.
Қазақстандағы Бельгия Елшісі Анри Вантигем Бельгия мен өңір елдері арасындағы екіжақты экономикалық байланыстардың динамикалық дамуы туралы айтты. Бельгиялық дипломат Қазақстандағы көлік, логистика және телекоммуникация салаларындағы жобалардың үлкен перспективаға ие екеніне ерекше назар аударды.
Дөңгелек үстел қатысушыларына ҚР Үкіметі шетелдік инвесторларға ұсынатын инвестициялық артықшылықтар, Қазақстанда бизнес жүргізудің артықшылықтары, «Kazakh Invest» АҚ тарапынан көрсетілетін кешенді қолдау, сондай-ақ көлік және логистика, телекоммуникация, ақпараттық технологиялар, энергетика және құрылыс салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктер таныстырылды. Сондай-ақ, Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) қаржылық және құқықтық механизмдеріне ерекше көңіл бөлінді. Қазіргі таңда АХҚО-да 3,5 мыңнан астам компания тіркелген. Бельгиялық кәсіпкерлерді Алатау қаласын салу, Орта дәліздің әлеуетін дамыту, Қазақстанда жасыл энергия өндіру жобаларына қатысуға және оны Еуропа Одағы елдеріне экспорттауға шақырды.
Іс-шара соңында «сұрақтар-жауаптар» сессиясы өтіп, қатысушылар Қазақстанның геостратегиялық рөлінің артып келе жатқанын атап өтіп, инвестиция салудың перспективалы бағыттары мен елдің транзиттік көлік әлеуетін дамыту бойынша басымдықтар туралы қызығушылық танытты.
Анықтама үшін: Бельгия – Қазақстанның ең ірі инвесторларының бірі. 2014-2024 жылдар аралығында Бельгиядан Қазақстан экономикасына бағытталған тікелей шетелдік инвестициялар 10 миллиард АҚШ долларынан асты. Қазақстанда бельгиялық капиталы бар 76 компания жұмыс істейді.