
Брюссель, 2025 жылғы 7 наурыз – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Еуропалық Одақтың Орталық Азия жөніндегі жаңа Арнайы өкілі, елші Эдуард Стипрайспен кездесті.
Қазақ дипломаты ЕО Арнайы өкілін жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, оның қызметі ЕО мен Орталық Азия арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді. Қазақстанның 2023 жылы қабылданған ЕО-Орталық Азия Жол картасын жоғары бағалайтыны және бірлескен бастамалардың белсенді ілгерілетілгенін күтетіндігі атап өтілді.
Өз кезегінде, Э. Стипрайс ынтымақтастықты дамытуға бейілділігін растады, тұрақты экономикалық өсім, цифрлық трансформация және өңірлік тұрақтылықтың маңыздылығын атап өтті. Ол сондай-ақ Орталық Азия елдеріне жақын арада сапар жасауды жоспарлап отырғанын, осы аясында аймақтық әріптестіктің басым бағыттарын талқылау көзделіп отырғанын хабарлады.
Кездесу барысында тараптар жоғары деңгейдегі алдағы іс-шараларды, сауда-экономикалық серіктестікті, көлік байланысын, энергетика және қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, Орталық Азиядағы шекаралық бақылауды күшейту, есірткі тасымалына қарсы күрес және киберқауіпсіздікті нығайтуға бағытталған BOMCA, CADAP және LEICA өңірлік бағдарламалары аясындағы ынтымақтастықты қоса алғанда, қауіпсіздік мәселелері де талқыланды.
Кездесу соңында Қазақстан Елшісі Э. Стипрайсты 2025 жылғы маусымда өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды. Аталған форум тұрақты даму және өңірлік интеграция мәселелері бойынша диалог алаңы ретінде маңызды рөл атқарады.
Тараптар Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы серіктестікті одан әрі дамытуға деген өзара мүдделілігін растады.
.