Қазақстан мен Бельгия екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Бельгия екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты нығайтуда

Брюссель, 2025 жылғы 21 ақпан – Қазақстанның Елшісі Марғұлан Баймұхан Бельгияның Сыртқы істер, сыртқы сауда және даму ынтымақтастығы федералдық қызметінің екіжақты қатынастар жөніндегі Бас директоры Биргит Стивенспен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Бельгия арасындағы серпінді және көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейілділігін растады.

Тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың кең ауқымын қарастырып, саяси, экономикалық және парламентаралық өзара іс-қимылдың жоғары қарқынын атап өтті. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды, өйткені Бельгия – Қазақстанның негізгі инвестициялық серіктестерінің бірі болып табылады. Осыған байланысты тараптар бірқатар экономикалық іс-шараларды, соның ішінде 2025 жылғы маусымда Брюссельде өтетін Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің үшінші отырысын өткізу жоспарларын құптады.

Кездесу барысында сондай-ақ Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастық талқыланды, негізгі басым бағыттар – көлік байланысы, маңызды шикізат материалдары, цифрландыру, технологиялық алмасу және инновациялар, жасыл энергетика, климаттық бастамалар және экологиялық ынтымақтастық мәселелері қаралды. Екіжақты келісімдер мен консулдық мәселелерге ерекше назар аударылды.

Көпжақты ынтымақтастық аясында тараптар ядролық қарусыздану және таратпау мәселелері бойынша пікір алмасты. Қазақстан тарапы Бельгияны 2025 жылғы 3-7 наурызда Нью-Йоркте өтетін Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) қатысушы мемлекеттердің үшінші конференциясына қатысуға шақырды, аталған іс-шара Қазақстанның төрағалығымен өтеді. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат бельгиялық тарапты 2025 жылғы 29-30 мамырда өтетін Астана халықаралық форумына шақырды.

Кездесу Қазақстан мен Бельгия арасындағы саяси диалогты тереңдетуге, экономикалық байланыстарды нығайтуға және стратегиялық маңызы бар негізгі салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге деген ортақ ұмтылысты растады.

Анықтама үшін: 2024 жылы Қаазақстан мен Бельгия арасындағы өзара сауда айналымы 456 миллион АҚШ долларына жетті (экспорт – 210 миллион доллар, импорт – 247 миллион доллар).

Бельгия Қазақстандағы ірі инвесторлардың бірі, 2023 жылы 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) құйып, еліміздегі 7-ші ірі инвестор атанды.

Ahlers, Kilfrost Europe NV және Sarens сияқты бельгиялық компаниялар өз қызметін кеңейтуде. Қазіргі уақытта Қазақстанда 76 бельгиялық компания жұмыс істейді.