
Брюссель, 2025 жылғы 17 ақпан – Қазақстанның Елшісі Марғұлан Баймұхан Еуропалық Парламенттің Орталық Азия және Моңғолиямен байланыс жөніндегі делегациясының (DCAS) Вице-төрайымы Яна Туммен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы парламентаралық ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін, сондай-ақ Еуропалық Парламент делегациясының өткен жылдың қараша айында Астанада өткен ҚР-ЕО парламенттік ынтымақтастық комитетінің 21-ші отырысына қатысуының қорытындыларын талқылады.
Қазақстан-Эстония қатынастарын дамытуға, цифрландыру мәселелеріне, демографиялық аспектілерге, сондай-ақ университеттік білім беру және академиялық ұтқырлық саласындағы ынтымақтастықты қоса алғанда, жастар саясаты саласындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды.
Қазақстандық дипломат Еуропалық Парламент делегациясының Қазақстанға сапары мен Еуропалық парламентшілердің ҚР-мен белсенді байланыстары үшін ризашылығын білдірді, сондай-ақ Еуропалық Парламенттегі басқа салалық комитеттермен ынтымақтастықты кеңейтуге ұмтылысын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету үшін белсенді диалогты қолдау уағдаластығына қол жеткізілді.