Бельгияның Намюр провинциясы Қазақстанмен экономикалық байланыстарды кеңейтуді көздейді

Бельгияның Намюр провинциясы Қазақстанмен экономикалық байланыстарды кеңейтуді көздейді
Намюр, 2025 жылғы 22 қаңтар – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Намюр провинциясының губернаторы Денис Матенмен кездесті.
 
Кездесу барысында Қазақстан аймақтары мен Намюр провинциясы арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-білім беру байланыстарын кеңейту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі салаларында қазақстандық кәсіпорындар мен провинция бизнес өкілдері арасындағы ынтымақтастықтың перспективаларына ерекше назар аударылды.
 
Тараптар Қазақстан мен Бельгия арасындағы достық және өзара тиімді қарым-қатынастардың жоғары қарқынды дамуына қанағаттанушылықтарын білдірді.
М.Баймұхан бельгиялық саясаткерге Қазақстанның қазіргі саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы ақпарат берді. Ол Қазақстанның Үкіметі отандық және шетелдік кәсіпкерлер үшін қолайлы іскерлік климат құру мақсатында қабылдап жатқан шараларды атап өтті. Сондай-ақ, қазақстандық дипломат Денис Матенді биыл мамыр айында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды.
 
Өз кезегінде Денис Матен Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығын, экономикалық жетістіктерін және Еліміздің Орталық Азия аймағындағы маңызды рөлін жоғары бағалады. Ол сондай-ақ Қазақстан аймақтары мен Намюр провинциясы арасындағы байланыстарды нығайтуға жәрдемдесуге дайын екенін жеткізді.
 
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Бельгия провинциясында бірлескен сауда-экономикалық іс-шараларды өткізу мүмкіндігін қарастыруға келісті.