Қазақстан мен Люксембург көп қырлы ынтымақтастықтың динамикасын сақтауда

Қазақстан мен Люксембург көп қырлы ынтымақтастықтың динамикасын сақтауда
Люксембург, 2024 жылғы 17 желтоқсан – Люксембургке жұмыс сапары аясында Қазақстанның Бельгиядағы және Люксембургтегі Елшісі Марғұлан Баймұхан Люксембург Премьер-Министрінің дипломатиялық кеңесшісімен, сондай-ақ Rotarex компаниясының иелерімен жеке кездесулер өткізді.
 
Премьер-Министрдің дипломатиялық кеңесшісі Лорис Николеттимен кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. М.Баймұхан Люксембург тарапына ағымдағы жылдың қазан айында Люксембургке ресми сапары барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Нұртілеудің Люксембург Премьер-Министрі Л.Фриденмен нәтижелі кездесуі үшін алғыс білдірді. Алдағы саяси және экономикалық оқиғаларға ерекше назар аударылды. Қазақстандық дипломат Люксембург басшылығын 2025 жылдың мамыр айында өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды. Сондай-ақ М.Баймұхан люксембургтік саясаткерге Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынастардың дамуы туралы айтып берді, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы маңызды шикізат, жасыл энергия және көліктік-транзиттік әлеуетті тиімді пайдалану шеңберіндегі қарым-қатынастар саласындағы ынтымақтастықтың кеңеюін атап өтті. 
 
«Rorarex» компаниясының басқарма мүшелерімен кездесуде люксембургтік компания мен қазақстандық кәсіпкерлік субъектілері арасында әртүрлі салалардағы клапандар мен өрт қауіпсіздігі жүйелерін өндіру мен сатуда іскерлік қарым-қатынас орнату тәсілдері талқыланды. Люксембург компаниясы мен Қазақстанның ірі өндірістік кәсіпорындары арасында келіссөздер ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді.
 
Анықтама үшін: Rotarex - әртүрлі салаларға арналған клапандарды өндіру бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі. 1922 жылы құрылған компания әлемнің 65 елінде жұмыс істейді, онда 1,6 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді.