
Брюссель, 2024 жылғы 5 желтоқсан – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Орталық Азия, Моңғолия және АСЕАН елшілерінің екінші кездесуіне қатысты. Бұл іс-шараны Малайзияның Бельгиядағы Елшілігі ұйымдастырды.
Қазақстан Елшісі Малайзияның Елшісі, Жоғары Мәртебелі Дато' Мохд Халид Аббаси Абдул Разакқа осындай кездесулерді өткізу бастамасын қолдағаны үшін алғысын білдірді. Елші мұндай кездесулер Орталық Азия мен АСЕАН елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды дәстүрге айналуы мүмкін екенін атап өтті. Елшілер арасындағы диалог алғаш рет осы жылдың сәуір айында Қазақстан Елшілігінде өткен болатын.
Өз сөзінде Марғұлан Баймұхан Малайзияны 2025 жылы АСЕАН-ға төрағалық етуімен құттықтап, ұйымның өңірлік байланыстылықты нығайту, ішкі сауда мен инвестицияларды дамытудағы табысты тәжірибесі Орталық Азия елдері үшін құнды үлгі болатынын атап өтті. Сондай-ақ, Орталық Азия елдерінің осы бағыттағы тәжірибесімен бөлісті.
Елші өңірдің транзиттік-көлік әлеуетін дамытуда, әсіресе, Орта Дәлізді ілгерілетуде Еуропалық Одақтың қолдауының маңыздылығын атап өтті. Ол бұл бастамалар аймақтың экономикалық байланысын одан әрі нығайтуға және жаһандық нарықтарға шығуға мүмкіндік беретінін айтты.
Сөзінің соңында қазақстандық дипломат Орталық Азия мен АСЕАН арасындағы байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап, осы өңірлер арасындағы ынтымақтастық екі тарапқа да өзара пайда әкеліп, олардың тұрақты дамуына үлес қосатынын жеткізді.
Анықтама: АСЕАН – ең ірі өңірлік ұйымдардың бірі, оған мүше елдердің жалпы халқы 690 миллион адамды, жалпы ішкі өнімі 3,66 трлн АҚШ долларын және сауда айналымы 4,1 трлн АҚШ долларын құрайды. АСЕАН құрамына Оңтүстік-Шығыс Азияның он елі – Бруней, Вьетнам, Индонезия, Лаос, Малайзия, Мьянма, Сингапур, Таиланд, Филиппиндер және Камбоджа кіреді. 1967 жылы құрылған ассоциация өңірдің экономикалық өсуін, әлеуметтік және мәдени дамуын күшейтуді, өңірлік бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілетуді, сондай-ақ сауда, экономика, білім беру және мәдениет салаларында өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуді мақсат етеді.