Люксембург, 2024 жылғы 4 қазан – Люксембург Ұлы Герцогтігінің Сауда-өнеркәсіп палатасында Қазақстанның инвестициялық, сауда-экономикалық мүмкіндіктері ұсынылды. Іс-шараға Ұлы Герцогтігінің көлік, химия, медициналық және басқа да салаларынан мемлекеттік және коммерциялық ұйымдардың 30-дан астам өкілдері қатысты.
Қазақстан Елшісі Марғұлан Баймұхан елдер арасындағы сауда-инвестициялық қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Үкіметтің шетелдік инвесторларды қолдаудағы белсенді күш-жігерін ерекше атап өтті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған экономикалық реформаларға ерекше назар аударылады.
Сондай-ақ шараға қатысушылар Астана халықаралық қаржы орталығының артықшылықтары, шетелдік инвесторларға арналған преференциялар, сондай-ақ «Kazakh Invest» АҚ-ның шетелдік инвесторларды қолдау жөніндегі қызметі туралы хабардар болды. Сонымен қатар, люксембургтік кәсіпкерлерге еліміздің көлік-логистикалық әлеуеті, оның ішінде Қазақстан аумағы арқылы өтетін 13 халықаралық көлік дәлізінің қызметі таныстырылды.
Люксембургтің Қазақстандағы Елшісі Том Райзен Қазақстан Люксембург компаниялары үшін үлкен мүмкіндіктер беретін Орталық Азияның көліктік-логистикалық және қаржылық хабы екенін атап өтті.
Өз кезегінде Люксембург Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілі Сабрина Аксиль Люксембург компанияларының қазақстандық бизнес субъектілерімен, атап айтқанда IT және қаржылық қызмет көрсету салаларымен ынтымақтастықты жандандыруға жоғары қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.
Сонымен бірге, шараға BeneLux Сауда-өнеркәсіп палатасының, сондай-ақ MOST Ventures өкілдері қатысып, Қазақстанның экспорттық әлеуетін және қазақстандық IT-компаниялармен ынтымақтастық мүмкіндіктерін таныстырды.