
Люксембург, 2024 жылғы 12 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Еуропалық Одақ жанындағы Тұрақты өкілі Марғұлан Баймұхан Еуропалық инвестициялық банктің (EIB) Вице-президенті Кириакос Какуриспен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуын ынталандыруға бағытталған инвестициялық жобалар мен бастамаларды қоса алғанда, Қазақстан-Еуропа ынтымақтастығының негізгі бағыттарын талқылады.
Инфрақұрылымды жаңғырту және су қауіпсіздігін жақсарту жөніндегі жобаларды бірлесіп қаржыландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
М. Баймұхан Транскаспий халықаралық көлік маршрутының сауда қатынастарын арттырудағы және Еуропа мен Азия арасындағы іскерлік байланыстарды жолға қоюдағы өсіп келе жатқан рөлін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан «жасыл» экономика және технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық білдірді.
Қазақстандық дипломат сондай-ақ әңгімелесушіні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауының негізгі басымдықтары туралы хабардар етті, Қазақстан басшылығының ҚР азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды жалғастыруға бағытталғандығы атап өтілді.
Анықтама: Еуропалық инвестициялық Банк (EIB) – тұрақты даму жобаларын қаржыландыруда шешуші рөл атқаратын әлемдегі ең ірі көпжақты қарыз алушы және кредитор. 2023 жылы EIB инвестициялары 95 миллиард еуроны құрады, ал банк активтерінің жиынтық портфелі 600 миллиард еуроға жетті. Банк Инфрақұрылым, инновация, су қауіпсіздігі және энергетика саласындағы жобаларды қолдай отырып, 160-тан астам елде жұмыс істейді.
Сонымен қатар, EIB климаттық мәселелерді шешуге көп көңіл бөледі. 2022 жылы банк санитарлық жағдайды жақсартуға, ауыз суға қол жеткізуге және 254 миллионнан астам адам үшін су тасқыны қаупін азайтуға бағытталған жобаларға 217 миллиард еуро инвестициялады. Бүгінгі күні Банктің Люксембургтегі бас кеңсесін қоса алғанда, бүкіл әлем бойынша 50 кеңседе жұмыс істейтін 3500-ден астам қызметкері бар.
EIB БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған жеке және мемлекеттік инвестицияларды тартудың катализаторы болып табылады. 2021 жылы банк Еуропалық Одақтан тыс қызметті кеңейтуге бағытталған EIB Global жаһандық бөлімшесін іске қосты.