
Брюссель, 2024 жылғы 10 қыркүйек – Қазақстанның Бельгиядағы Елшілігі, Бельгияның Сыртқы сауда агенттігімен, Бельгияның Сыртқы істер министрлігімен, «Credendo» экспорттық-несие агенттігімен, FIT және AWEX агенттіктерімен бірлесіп, Қазақстандағы инвестициялық мүмкіндіктерге, сондай-ақ екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамытуға арналған семинар өткізді.
Семинарға Бельгияның мемлекеттік және квазимемлекеттік органдарының, сондай-ақ ірі бельгиялық компаниялардың 50-ден астам өкілдері қатысты.
Іс-шараға қатысушыларды қарсы алған Бельгиялық сыртқы сауда агенттігінің басқарма төрағасы Фабьенн Луст Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы маңызды көлік торабы ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын атап өтті. Ф.Луст сонымен қатар Қазақстан мен Бельгия арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың қарқынды дамуына назар аударды.
Қазақстанның Елшісі Марғұлан Баймұхан ел басшылығының шетелдік инвесторларды одан әрі қолдауға баса назар аударып отырғанын атап өтті, сондай-ақ бельгиялық компанияларды Қазақстанда іскерлік белсенділікті дамытуға шақырды. Қазақстандық дипломат ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйектегі Жолдауының негізгі бағыттарына да тоқталды.
Бельгияның Қазақстандағы Елшісі Анри Вантигем екі ел арасындағы саяси және экономикалық байланыстардың артуларына назар аударды. Осы тұрғыда бельгиялық дипломат «Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің» белсенді дамуы туралы айтты.
Өз кезегінде, Қазақстанның Елшілігі қатысушыларды инвестициялық ортаны жақсарту бойынша Үкіметтің шаралары туралы, сондай-ақ көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, туризм, металлургия, оның ішінде сирек кездесетін металдар және т.б. салалардағы қолда бар инвестициялық мүмкіндіктер туралы хабардар етті.
Семинар барысында бельгиялық бизнесмендер де қазақстандық серіктестермен ынтымақтастықтары туралы бөлісуге мүмкіндік алды. Қазақстандағы Бельгия Елшілігінің сауда-экономикалық кеңесшісі Айжан Мұсақанова Қазақстан мен Бельгия арасындағы экспорт пен импортты арттыру мүмкіндіктері туралы айтты.
Анықтама: 2023 жылдың соңында Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы 523 миллион АҚШ долларынан асты. Бельгия – Еліміздің экономикасының маңызды инвесторларының бірі. 2023 жылы Бельгиядан Қазақстанға тікелей шетелдік инвестиция ағыны 1 миллиард АҚШ доллардан асты.