Халықаралық энергетикалық хартия Қазақстанның «жасыл» даму күн тәртібін жоғары бағалайды

Халықаралық энергетикалық хартия Қазақстанның «жасыл» даму күн тәртібін жоғары бағалайды

Брюссель, 2024 жылғы 20 маусымдағы – Қазақстан Республикасының Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Халықаралық энергетикалық хартия Бас хатшысының міндетін атқарушы Ацуко Хиросэ ханым және аталған ұйымның басқа да ресми тұлғаларымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасы мен Халықаралық энергетикалық хартия арасындағы ынтымақтастықтың перспективаларын, оның ішінде Энергетикалық хартияға шартты жаңғырту процесін, ұйымның, әсіресе энергияның бірқатар түрлері мен энергетикалық ресурстардың транзиті саласында ұтқырлық пен тиімділікті  арттыруды талқылады.

Өз тарапынан А. Хиросэ Энергетикалық хартияға шарттың негізгі ережелерін жаңғырту жөніндегі көпжылдық келіссөздерге қатысқан қазақстандық сарапшылардың қызметіне жоғары баға берді. Ол сондай-ақ Қазақстан Республикасының Транскаспий халықаралық көлік бағытын («The Middle Corridor») дамыту жөніндегі күш-жігерінің маңыздылығын атап өтті.

М. Баймұхан Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасында тұрақты шикізат, батареялар, «жасыл» сутектің құн тізбегі және бірлескен транзиттік-көлік жобаларын іске асыру саласындағы стратегиялық әріптестік туралы қол жеткізілген уағдаластықтарға ерекше назар аударды.

Кездесу аясында Халықаралық энергетикалық хартия өкілдері Қазақстан басшылығының көміртегі бейтараптығына қол жеткізу және энергияның жаңа түрлері бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған күш-жігеріне жоғары баға берді.