Бельгияның Фламандтық Брабант провинциясы Қазақстанмен экономикалық байланысты нығайтуға мүдделі

Бельгияның Фламандтық Брабант провинциясы Қазақстанмен экономикалық байланысты нығайтуға мүдделі

Левен, 2024 жылғы 10 маусым – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Марғұлан Баймұхан Фламандтық Брабант провинциясының губернаторы Ян Спуренмен, VOKA Vlaams Brabant Сауда-өнеркәсіп палатасының басшысы Крис Класпен, сондай-ақ экономика департаментінің басшысы Худрун Денхаенмен кездесті.

Кездесу барысында Фламандтық Брабант провинциясы мен қазақ аймақтары, сондай-ақ шаруашылық субъектілері арасындағы саяси және сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамыту перспективалары талқыланды.

Логистика және фармацевтика салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Еуропалық компаниялардың Қазақстандағы бизнесті кеңейтуге жоғары қызығушылығы атап өтілді.

Қазақстандық дипломат ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған саяси және экономикалық реформалар туралы айтты.

Бұл тұрғыда, М.Баймұхан Қазақстанның көпвекторлы және прагматикалық сыртқы саясатқа бейілділігін атап өтті. Я.Спурен Қазақстан мен Бельгияның, сондай-ақ жалпы Еуропалық Одақ арасындағы, ынтымақтастықты дамытудың жоғары қарқынын құптады.

Ол Қазақстанның шаруашылық жүргізуші субъектілерімен экономикалық байланыстарды, сондай-ақ білім беру саласындағы, ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытты.

Кездесу соңында қазақстандық дипломат провинция басшысын Қазақстанға барып, 2025 жылы өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды. Фламандтық Брабант провинциясының шаруашылық жүргізуші субъектілері үшін Қазақстанның сауда-экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерінің тұсаукесерін өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.

Анықтама: Фламандтық Брабант провинциясының халқы 1,2 миллион адамды құрайды. Провинцияның жалпы ішкі өнімі 51 миллиард еуродан асады. Қазақстан нарығында ABInBEV және Sarens сияқты провинциялық компаниялар белсенді жұмыс істейді.