
Алматы, Астана – 2024 жылғы 27-31 мамырда Еуропалық Одақтың (ЕО) ауыл шаруашылығы миссиясының сапары өтті. Құрамында ЕО-ның 16 елінен 40-тан астам жетекші азық-түлік компаниялары бар миссияны Ауыл шаруашылығы жөніндегі Еуропалық комиссар Януш Войчеховский басқарды.
Жоғары лауазымды еуропалық делегация сапарының негізгі мақсаты – азық-түлік тауарларының өзара саудасын дамыту, ҚР мен ЕО азық-түлік секторының компаниялары арасында тығыз іскерлік байланыстар орнату, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы Қазақстан-ЕО ынтымақтастығын кеңейту.
ЕО-ҚР арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім (КӘЫК) агроөнеркәсіп кешені саласындағы ынтымақтастықты дамытудың іргелі құжаты болып табылады.
Сапар шеңберінде Еуропалық комиссар Януш Войчеховскийдің Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларымен бірқатар кездесулері өтті. Ол сапарын әкім Е. Досаевпен кездесу өткен Алматы қаласынан бастады.
Кездесу барысында ауыл шарушылығы саласындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың перспективалары, экология, туризм, көлік және логистика мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ ЕО ауыл шаруашылығы миссиясының өкілдері азық-түлік тауарларының Қазақстанға экспорты тақырыбындағы семинарға және B2B кездесулерге қатысты.
Еуропа делегацияның өкілдері «Interfood Astana» халықаралық көрмесінің жұмысына қатысты. Көрме алаңында Я.Войчеховский мен Ауыл шаруашылығы министрі А.Сапаров Еуропалық Одақтың павильонын ашып, екіжақты кездесу өткізді. Кездесу қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын ұлғайту жөніндегі шешімдерді іздеу мақсатында техникалық консультациялар өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазіргі уақытта ЕО- ға негізінен қазақстандық бидай мен дақылдар (ҚР экспортындағы ЕО үлесі-9%), зығыр тұқымы (20%), рапс (79%), балық (44%) экспортталады. Бал, сүт, ет және акваөсіру экспорты бойынша жұмыстар жүргізілуде.
ҚР Премьер-Министрі О. Бектеновпен кездесу барысында аграрлық азық-түлік секторындағы ынтымақтастықты кеңейту, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бойынша бірлескен жобаларды құру мәселелері талқыланып, сонымен бірге ЕО нарығына азық-түлік экспортын арттыру шаралары да қарастырылды.
Кездесу барысында ҚР мен ЕО арасындағы екіжақты тауар айналымының оң динамикасы атап өтілді. ЕО елдерінің үлесіне инвестицияның 40%-дан астамы және ҚР сыртқы саудасының шамамен 30% тиесілі, ал екіжақты сауда көлемі 41,4 млрд. АҚШ долларын құрайды.
Премьер-Министр О.Бектенов «Агроөнеркәсіптік кешен экономикамыздың маңызды секторлары қатарына жатады. Еліміздің сапалы және экологиялық таза органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру саласындағы әлеуетін, сондай-ақ еуропалық тараптың өсіп келе жатқан сұранысын ескере отырып, қазақстандық тауарлардың еуропалық нарыққа экспортының номенклатурасын кеңейту бойынша жұмысты жандандыру қажет» , - деп атап өтті.
Тараптар озық аграрлық технологияларды енгізу және климат өзгеруінің ауыл шаруашылығы саласына теріс әсер ету қаупін азайту бойынша тәжірибе алмасу саласында өзара іс-қимыл жасауға уағдаласты.
Әділет министрі А.Есқараевпен кездесудің негізгі тақырыбы – ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік, шарап және спирттік ішімдіктер үшін географиялық нұсқамаларды қорғау туралы КӘЫК хаттамасы бойынша келіссөздер болды.
Тараптар екіжақты сауданы дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін қорғау үшін географиялық нұсқамалардың ерекше маңыздылығын атап өтіп, тиісті хаттамаға қол қоюға мүдделілігін растады.
ҚР Әділет министрі А. Есқараев «Қазақстан географиялық нұсқамалардың зор әлеуетіне ие, осыған байланысты біздің ауыл шаруашылығы тауарларының экспортын ұлғайтуға және олардың ЕО нарығына шығуына ықпал ететін хаттамаға қол қоюға мүдделіміз», - деді.
Ғылым және жоғары білім министрі С. Нұрбекпен кездесу барысында қазақстандық университеттерді ғылыми-зерттеу университеттеріне трансформациялаудың және әлемнің жетекші университеттерімен бірлесе отырып, оқыту бағдарламаларын әзірлеудің жаңа тәсілдері талқыланды. Осы тұста аталған жұмыс бағыттарының бірі аграрлық сектордағы инновациялар мен технологияларды дамыту болып табылады. Аграрлық технологияларды дамыту және осы салада кадрларды даярлау саланың тиімділігін арттыруға және еліміздің жоғары ауыл шаруашылық әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Еуропалық делегациямен, ЕО елшілерімен және халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездескен Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Василенко ауыл шаруашылығы саласындағы тығыз өзара іс-қимылдың келешегі мен зор әлеуетін атап өтіп, көп қырлы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мүдделілігін растады.
«Қазақстанға алғаш рет сапармен келген ЕО-ның ауыл шаруашылығы миссиясы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың сапалы жаңа кезеңін белгілейді. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы саласында табысты кейстер мен ЕО-мен бірлескен жобалар пайда болады деп үміттенеміз», - деді ол.
Сонымен қатар, сапар барысында бизнес-форум мен B2B кездесулері ұйымдастырылды және компаниялар арасында іскерлік байланыстар орнатылып, ынтымақтастықтың нақты бағыттары белгіленді.
Сапар аясында еуропалық делегация Е.А.Букетов атындағы Қарағанды университетінің студенттерімен кездесіп, кеңестік саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған Спасск мемориалдық кешеніне және «Родина» ЖШС шаруа қожалығына барды, сондай-ақ Астанада Еуропа күнін мерекелеуге қатысты.