
Брюссель, 2024 жылғы 22 мамыр – Қазақстан Республикасының Еуропа Одағының жанындағы Тұрақты Өкілі Марғұлан Баймұханның Еуропалық ауыл шаруашылығы Комиссары Януш Войчеховскимен кездесуі өтті.
Кездесудің мақсаты-2024 жылғы 27-31 мамыр аралығында алғаш рет өткізіліп отырған Еурокомиссар Я.Войчеховски бастаған ЕО-ның жоғары деңгейдегі агроазық-түлік миссиясының алдағы сапары мәселелерін талқылау. Агроазық-түлік секторының бизнес миссиясының құрамына ЕО-ға мүше 16 елден 40-тан астам компания кіреді.
Сапар барысында жақын байланыстар орнату және ҚР мен ЕО іскер топтарының өкілдері арасындағы ынтымақтастықтың нақты бағыттарын айқындау жөніндегі іс-шаралар жоспарланған.
Еуропалық одақ ҚР үшін маңызды сауда және инвестициялық серіктесі болып табылады. Екіжақты сауда-экономикалық қатынастар оң серпінді сақтауды жалғастыруда. 2023 жылы екіжақты тауар айналымы 41,4 млрд АҚШ долларын құрады (+3,5% өсім).
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық ҚР мен ЕО күн тәртібінде маңызды орын алады. 2023 жылы ауыл шаруашылық өнімінің айналымы 13,4%-ға артып,
1,1 млрд АҚШ долларға жетті. ҚР-дан ЕО елдеріне экспортталатын негізгі ауыл шаруашылығы тауарлары: бидай, зығыр тұқымдары, рапс тұқымдары, өңделген дәнді дақылдар және т. б.
Тараптар агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыруға және ҚР аумағында агро азық-түлік хабын құру саласындағы ынтымақтастыққа мүдделі.
Анықтама: 29 саланы қамтитын ЕО-ҚР арасындағы Кеңейтілген ынтымақтастық және әріптестік туралы Келісім (2015 жылғы желтоқсан) сауда-экономикалық, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету үшін негіз жасайды.
Жоғары деңгейдегі агроазық-түлік миссиясының сапары ЕО-ның ҚР-дағы агроазық-түлік өнімдері саласындағы ұстанымын нығайтуға бағытталған.
ЕО-ның агроазық-түлік миссиясы әр түрлі елдерге жыл сайын өткізіледі (негізінен ірі сауда серіктес елдерге). 2023 жылғы 2-6 шілдеде миссия Жапонияға барды, 2023 жылғы 6-12 желтоқсанда - Үндістанға, 2024 жылғы 21-26 сәуірде – Қытайға, 2024 жылғы 27-31 мамырда – Қазақстанға.